Жаңалық жасаған өрендер

1796

0

Елімізде жастардың ғылыми жаңалық ашуына жан-жақты жағдай жасалған. Ол үшін мектепте түрлі бағыттағы ғылыми жобаларға қатысып, өз қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік беріледі. Қазалы ауданындағы №266 мектеп-лицей оқушылары осындай мүмкіндікті пайдаланып, ерекше өнертабыс жобаларын ойлап тапты. Бұл еңбегі оларды түрлі білім додасында төрге оздырып жүр.

8-сыныпта оқитын Нұрхан Кеулімжай мен Азат Муапых 2023-2024 оқу жылында «First Сhampions» атты республикалық робототехника байқауында бас жүлдені иеленді. Оның бірі ұйқыға қарсы көзілдірік, екіншісі метрологиялық станса жобалары бойынша еңбектенді.

Нұрхан командасында Ибраһим Көбеев, Азамат Наумағамбет, Азат Муапых сынды қатарластары болғанын жеткізді. Командаға Ерлан Имбетов, Нұрболат Молдабай және Әнуар Шымбергенов секілді мұғалімдері жетекшілік еткен.

Оқушылар ойлап тапқан көзілдірік жол-көлік апаттарының алдын алуға көмектесе алады.

– Статистикаға қарағанда, жүргізушілердің 32%-ы жол үстінде көзі ілініп кетіп, қайғылы жағдайға ұшырайды екен. Көзілдіріктің ерекшелігі, көзді 2 секундқа жұмғанда инфрақызыл белгі бергіш немесе датчик көздің қимылын байқап, сигнал мен вибрация іске қосылады. Осылай апаттың алдын алуға болар еді, – дейді Нұрхан Кеулімжай.

Балалар осы жобаның арқасында облыстық, халықаралық сайыстарда өздерін дәлелдеген. Атап айтқанда, халықаралық «First Lego League» жарысында чемпион болса, халықаралық «Red Fest» фестивалінің облыстық кезеңінде тұғыр биігінен көрінді. Кейіпкеріміз ғылыми жобаны патенттеуге мүмкіндік бар екенін, ендігі жерде зерттеу аясын кеңейтіп, авторлық құқық алғысы келетінін атап өтті.

Ал Нұрханның сыныптасы Азаттың ғылыми жобасы ауаны бақылап, сонымен қатар ауа температурасын өлшеп, көрсетіп тұрады.

– Адамдар жолға шыққанда қар көшкіні немесе көктайғақ салдарынан жарақат алып жатады. Метрологиялық станса осындай жағдайды болдырмас үшін жасалған, – дейді ол.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» тәмсілін ұстанып, балаларды ғылымға бағыттап жүрген информатика пәнінің мұғалімі Ерлан Имбетов мұндай байқаулар оларды ынталандыратынын айтты.

– Он жылдан бері ұстаздық жолдамын. Ал мектепте еңбек етіп келе жатқаныма алты жыл болды. Оқушылар бірінен бірі озады. Бұған дейін көптеген білім бәйгесіне қатысып, олжалы оралып жүрміз. Әркез қабілетімізді шыңдап, өзге мектеп ұжымдарымен тәжірибе алмасамыз, – дейді команда жетекшісі.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<