Жаңақорған ауданында әкім сайлауы өтуде

327

0

Фото: ашық дереккөз

Бүгін Жаңақорған ауданының Қыраш ауылдық округі әкімінің сайлауы өткізіліп жатыр.

Маңызды шара ҚР Сайлау туралы конституциялық заңына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Жергілікті тұрғындар таңғы сағат 7.00-де №313 сайлау учаскесіне келді. Алғашқы сайлаушыға сыйлық берілді. Саяси науқанда алғаш болып келген 81 жастағы қарт сайлаушы Қаламбай Мампаев өз таңдауын жасап, бұл күннің маңыздылығына тоқталды. 

Қызылорда
Фото: Қазақпарат ақпараттық агенттігі

«Ауыл әкімі сайлауына ерекше мән береміз. Президент бастамасымен ауыл әкімдерін тікелей сайлау маңызды шешім деп санаймын. Белсенді азаматтың қызметке келгенін қалаймыз. Сол үшін өз таңдауымды жасап, дауыс беруге асықтым», – деді Қаламбай Мампаев.

Айту кету керек, Қыраш ауылдық округінде 475 сайлаушы дауыс беруге құқылы. Әкім болуға үмітті болып тіркелген 3 кандидаттың бәрі де өзін-өзі ұсынған.

Еске салсақ, жыл басынан бері Қызылорда өңірінде 3 ауылдың әкімі сайланды. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтановтың айтуынша, биыл өңірде 25 ауылда жергілікті тұрғындар жаңа әкімін таңдайды. Ал наурыз айында шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтеді.

Қызылорда облысында кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Аймақта кейінгі 3 жылда 117 ауыл әкімі сайланған. Өткен жылы 38 кент және ауыл әкімінің сайлауы болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<