Жаңақорған ауданында өткен жылы ауқымды жұмыстар атқарылып, әлеуметтік-экономикалық дамуда оң өзгеріс байқалған. Бюджет көлемі артып, 16,1 млрд теңге болып бекітілсе, жыл соңында 19,6 млрд теңгеге жеткен. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру 13,7 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 14 пайыз, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,2 есе, тұрғын үйлерді пайдалануға берудің жалпы ауданы 17,7, негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 16,5, бөлшек сауда көлемі 5, ауыл шаруашылығы өнімі 1,7 пайыз артқан. Бұл туралы аудан әкімі Мажит Самитов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен тоқталды.
Ауданда барлық салада ілгерілеу бар. Былтыр 35 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Негізгі дақыл күріш 7545 гектарға себіліп, әр гектарынан 56 центнерден өнім алынып, 42 мың тонна қамбаға құйылған.
Аудан әкімінің айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес былтыр бақша егуге 400 гектар жер беріліп, 805 отбасы егін егіп, өнімін жинап алды. Егістік алқаптарын аяқсумен тұрақты қамтамасыз ету үшін 1,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Шұғыл шығындарға арналған резервтен қаржы қаралып, 8 ауылдық округтегі 52,6 шақырымдық 12 канал мен көлдер жүйесіндегі каналдар, «ҚазСуШар» кәсіпорны арқылы «Тайпақкөл», «Келінтөбе» магистралды каналы тазартылды.
– Ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу мақсатында 1500 гектар күріш егілетін танап лазермен тегістелді. Биыл 2100 гектар танапты тегістеу жоспарлануда. Былтыр ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары 43 техника сатып алып, машина-трактор паркі 8,6 пайыз жаңарды. Мал шаруашылығы жақсы дамыған. Облыстағы мал басының 25 пайызы Жаңақорған ауданына тиесілі. Мал шаруашылығын дамытуда үздік көрсеткіш көрсетіп «Озат аудан» атанды. Ірі қара, жылқы, түйе, уақ мал басы артқан. Қысқы мал азығына қажетті 186 мың тонна шөп, 38 мың тонна сабан және 37 мың тонна жем дайындалды, – деді аудан әкімі.
Ауданда 35 елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Былтыр 4 елді мекеннің ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстары аяқталды.
Жаңақорған кентінің «МАИ бекеті», «Алтыкрант» шағын аудандарындғы 1500-ге жуық тұрғын үйді ауызсумен толыққанды қамтамасыз етуге ондағы негізгі қондырғылардың қуаттылығы жетпейді. Мәселені шешу үшін «МАИ бекеті» шағын ауданында қосымша су тарту станциясы мен желілерін салуға жоба әзірленген. Жобаны қаржыландыру үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.
Электр желілерін жаңғырту үшін жалпы құны 9,6 млрд теңге болатын 21 жоба әзірленді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңақорған кентіндегі жаңғырту жұмыстары жүйелі атқарылуда. Биыл жаңадан ашылған «Саяжай-1» аумағына электр желісін тартуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Сондай-ақ жоба-сметалық құжаттары дайын 5 елді мекендегі (Қожамберді, «Қосүйеңкі», «Қаратөбе», «Аққорған», «Өзгент») жаңғырту жұмыстарын қаржыландыру ұсынылды. Осы атқарылған істердің нәтижесінде электр жүйелерінің тозуы 75-тен 45 пайызға төмендеді.
Былтыр «Шалқия», Құттықожа, «Кейден» ауылы табиғи газға қосылып, тұрғындар «көгілдір отынның» игілігін көрді. Сонымен қатар «Төменарық» ауылы мен кент аумағының қалып кеткен тұстарына да газ толық берілді. Қазір аудан халқын газбен қамту көрсеткіші 54 пайызға жетті. «Төменарық» елді мекеніне тартылған газ құбыры өтетін аумақта орналасқан 5 ауылды газдандыруға демеушілер есебінен жоба әзірленді.
Брифингте аудан әкімі Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін көпірге күрделі жөндеу басталғанын, былтыр тиісті қаражат бөлінгенін, жұмыс сәуір айында аяқталатынын хабарлады. Бұдан бөлек «Жаңақорған-Келінтөбе-Қандөз» автомобиль жолы бойындағы бірінші көпір күрделі жөндеуден өтсе, екіншісі жақын арада аяқталмақ.
Ауданда кәсіпкерлік саласында да қарқын бар. Биыл шағын және орта кәсіпкер саны 6574-ке жеткен. Оның ішінде 389-ы – заңды тұлға, 2269-ы – шаруа қожалығы, 3916-ы – жеке кәсіпкер. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға 420 жобаға 5,2 млрд теңге қолдау көрсетілген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржы қаралып, 27 жоба несиелендірілген, 45 жаңа жұмыс орны ашылған.
Аудандағы инвестициялық жобалардың бірі – «Qaratau fruits» шаруа қожалығына тиесілі алма бағы. Жобаға 1,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Бақта 140 мың түп алма ағашы отырғызылған, 28 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Ал «Шалқия минералс» ЖШС минералды ұнтақтар өндірісі былтыр іске қосылды. Жобаны іске асыруға 500 млн теңге инвестиция тартылып, 11 жаңа жұмыс орны ашылған. Алда іске қосылатын инвестициялық жобалар бар. Мәселен, «ЕСС» ЖШС «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойынан қызмет көрсету кешенін салуда. Тағы бір кәсіпкер темірбетон бұйымдарын шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр.
Аудан әкімі әлеуметтік, денсаулық, білім, мәдениет, спорт салаларында да атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ондағы көрсеткіштер мен алдағы атқарылар жобаларды тілге тиек етті.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<