Жаңақорған: Коммуналдық қызметті қолдау күшейтілмек

559

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Жаңақорған ауданының даму жоспарын қарау жөніндегі кеңес өтті. Оған аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов, орынбасарлары және облыстық басқарма басшылары қатысты.

Кеңесте аймақ басшысы өткен жылдың қорытындысына тоқталды, жұмыс қарқынына, салалардың беталысына баға берді.

– Жаңақорған ауданының өсу динамикасы тұрақты сақталып, негізгі капиталға салынған инвестициялар 60,5 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражатының 98,9%-ы игерілген, 261,1 млн теңге мемлекеттік сатып алудан үнемделген. Ауданның өз кірісі  2022  жылы  3  млрд  теңге болса, 2023 жылы 3,8 млрд теңгеге өскен. Бұл  көрсеткіш алда әлі де ауқымды  жұмыстар бар екенін байқатады, – деді Н.Нәлібаев.

Ауданның биылғы бюджеті 16,1 млрд теңге болып бекітілді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 5,4 млрд, облыстық бюджеттен 1,2 млрд, субвенция 4,9 млрд, ауданның өз кірісі – 3,8 млрд теңге.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 884 млн теңгеге 2 жоба жоспарланған. Олар – «Келінтөбе» ауылдық округіндегі спорт кешені және «Екпінді» ауылдық округіндегі 100 орындық клуб құрылысы. Мұнан бөлек, 1,7 млрд теңгеге «Руханият орталығын» салу жоспарланған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына сәйкес, Әбдіғаппар және «Бесарық» ауылдарында дәрігерлік амбулатория бой көтереді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жаңақорған кенті «Саяжай» шағын ауданындағы 600 орындық және «Жаңарық» елді мекеніндегі 300 орындық мектептер жыл аяғына дейін табысталады. Байкенже ауылында құны 842,7 млн теңге болатын 150 орындық мектеп биыл пайдалануға берілмек. Кентте 200 орындық «Оқушылар үйі» және 50 орындық «Өнер мектебінің» құрылысы жүргізілуде.

«Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса, 15 төсектік ауылдық аурухана құрылысы салынуда. Республикалық бюджеттен бөлінген 216,1 млн теңгеге халықтың әлеуметтік осал топтарына 17 пәтер сатып алынатын болады.

Жиында аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов тұрғындардың жайлы өмір сүруі мен ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында былтыр демеушілер есебінен жалпы құны 15,3 млрд теңгені құрайтын 62 жоба дайындалғанын айтты. Оның ішінде 10 млрд 532 млн теңге болатын 18 жоба-сметалық құжат дайын және құжаттама әзірлеуді қажет ететін 54 жоба бар.

Ауданның 35 елді мекенінің барлығы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Дегенмен, кентке жаңадан қосылған шағын аудандарда халық саны жыл санап артып келеді. Сондықтан жаңа қоныстарға ауызсу жеткізу үшін қосымша сорғы станциясын салу қажет. «МАИ бекеті» шағын ауданына су тарату станциясы және қосылу тармағын салудың жоба-сметалық құжаттамасын аудандық бюджет есебінен жасауға 29,9 млн теңге қаржы жоспарланған. Жоба жүзеге асқанда 2 мыңға жуық тұрғын үйге таза ауызсу барады.

Ауданда электр тарату жүйелерінің тозу көрсеткіші 80%-ға жеткен. 2022-2023 жылдары 19 жоба-сметалық құжат демеушілер есебінен әзірленді. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен 2 млрд 386,8 млн теңге бөлініп, «Сүттіқұдық», «Бірлік», «Жаңарық», «Қандөз», Құттықожа, Манап, Әбдіғаппар, Сунақата, М.Нәлібаев елді мекендерінде электр жүйелерін жаңғырту жұмыстары басталады. Сондай-ақ 7 елді мекеннің жобалары дайын. Демеушілер есебінен тағы 5 елді мекеннің электр желілерін жаңғыртуға жоба-сметалық құжат жасау 2024-2025 жылдарға жоспарланған.

Бүгінде Жаңақорған кентінен тұрғын үй салу үшін жер учаскесінің кезегіне 10 мыңнан астам азамат тіркелген. Кезекті азайту үшін бас жоспарға сәйкес, кенттің солтүстік батыс беткейіндегі 300 гектар болатын «Саяжай-1» аумағына инженерлік инфрақұрылым жеткізу жобасы әзірленді.

Газдандыру – кезек күттірмейтін мәселе. Жоспарға сәйкес елді мекендерге табиғи газ жеткізу 3 АГТС арқылы жүргізіледі. Жоба іске асқанда 1893 тұрғын үй, 12 мыңға жуық халық, көптеген әлеуметтік нысан «көгілдір отынмен» қамтылады.

Кеңес отырысында облыстық басқарма басшыларының жобалар, олардың тиімділігі, қажеттілігі  туралы ой-пікірлері тыңдалды. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартатын жобаларға қатысты айтылған ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, алдағы жұмыс бағытын белгілеуге негіз болмақ.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы аудандағы коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту және қоғамдық көліктерді көбейту, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге қолайлы жағдай жасау қажеттігін ескертті. Жастар арасындағы топтық төбелестің алдын алу үшін түнгі рейдтерді күшейтіп, ата-аналарға заң аясында түсіндірме жүргізу тапсырылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<