Жаңақорғандағы оңалту орталығы

3248

0

Биыл маусым айында Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығы ашылып, қазіргі кезде қарқынды жұмыс істеп тұр. Мұнда орталық жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратында ақауы бар  балалар емделеді.

«Қазақстан халқына» қорының қаржыландыруымен ел игілігіне берілген орталықта 15 төсек тәуліктік стационар, 5 төсек күндізгі стационар және 30 балаға амбулаторлық көмек көрсету қарастырылған. Бүгінде мұнда реабилитолог, невролог, дефектолог, логопед, эрготерапевт, механотерапевт, психолог, емдеу-шынықтыру нұсқаушылары және орта буын қызметкерлер жұмыс істейді. Мамандар Астана қаласындағы ұлттық балаларды оңалту орталығында оқытылып, даярланған. 

11 жастағы егіз Ерзат пен Нұрзатта сирек кездесетін генетикалық ауру – дюшен бұлшықет дистрофиясы анықталған. Ауру бұлшықет әлсіздігімен сипатталады, бұл жыл сайын бұлшықет тонусын әлсіретеді және өте тез дамып, науқасты  қозғалтпай тастайды.

– Балаларым 2-3 сынып оқығанда шауып жүрген. Қазір олардың өз бетінше қозғалуы қиындап барады. Бұл диагнозды шетелдік мамандар анықтады. Емге Алматыға баратынбыз. Осы орталықтың ашылғаны жақсы болды, тұрғылықты жерімізде ем алып жатырмыз. Барлық медициналық оңалту қызметтері  тегін. Қазірдің өзінде ұлдарымда оң нәтиже бар, – дейді егіздің анасы Ақбота Оспанова.

Орталық Шиелі және Жаңақорған аудандарының балаларын қабылдайды. Қазіргі кезде мұнда церебралды паралич, тірек-қимыл аппаратының, орталық жүйке жүйесінің бұзылуы сияқты әртүрлі дертке шалдыққан 32 бала ем алуда. Жоғарыда айтып өткеніміздей,  орталық қажетті мамандармен, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.

–    Мақсат – туабітті ақауы бар балаларды кешенді оңалту және хирургиялық емнен кейін қалпына келтіру. Орталықта тәулік бойы және күндізгі стационарлар бар. Емделу уақыты стационарда 21 күн, амбулаторлы 14 күн. Жылына 600-ге дейін бала қабылдауды жоспарлап отырмыз. МӘМС жүйесі аясында 18 жасқа дейінгі балалар медициналық оңалту қызметтерін тегін алады, – дейді  дәрігер-реабилитолог, бөлім меңгерушісі Мөлдір Есқабылова.

Жыл басынан бері Жаңақорған аудандық көпбейінді орталық ауруханасына әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан  оңалтуға 174,2 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<