Жаңақорғандағы жаппай жылқы өлімінің себебі анықталды

1592

0

Биылғы 14 тамыздан бастап Жаңақорған ауданының бірнеше елді мекенінде жылқы малдары белгісіз себептермен ауырып, өлім-жітімге ұшыраған. Осыған байланысты жергілікті ветеринариялық дәрігерлер ауру ошағында болып, ауырып тұрған жылқылардың клиникалық белгілері бойынша «жылқы гастрофилезі» болжамды диагнозы қойылды. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов айтты.

Сонымен қатар, аудандық ветеринариялық зертханаға ауырып тұрған жылқы малдарының тезегі (фекалий), ішкі органдары тексеруге жіберіліп, зерттеу қорытындысы бойынша «жылқы гастрофилезі» ауруына оң нәтиже берген.

Бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғандай 200 бас жылқының өлексесі анықталмаған. Қазіргі кезде ветеринариялық дәрігерлердің анықтауы бойынша нақты өлген жылқылар саны – 29 бас.

Бұл ауру паразитарлық ауруларға жататындықтан, ауруға қарсы ветеринариялық іс-шаралар мал иесінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі.  

Сондай-ақ, жылқы гастрофилезі ауруы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы №7-1/559 бұйрығымен бекітілген «Жануарлардың және адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты міндетті түрде алып қою және жою жүргізілетін кездегі жануарлардың аса қауіпті ауруларының» тізбесіне енгізілмегендіктен мал иелеріне өтемақы қарастырылмайды.

Мал иелері тарапынан жылқылары ауырып тұрғандығы туралы уақытылы ветеринариялық дәрігерлерге хабарланбаған.

Жылқы гастрофилезі ауруы бөгелек құрттарынан (личинкалары) пайда болатын ауру болғандықтан, аурудың алдын алу шараларын жүргізбесе, бөгелек құрттары жылқы ағзаларында ересек құрттарға айналып, емдік шаралар жүргізу тиімсіз болып есептеледі және өлім-жітімге әкеліп соқтырады.

Сондықтан, аурудың алдын алу мақсатында халық арасында түсіндірме-ағарту шаралары жүргізіліп, Жаңақорған аудандық газетіне мақала жарияланды. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерге жылқы аурулары туралы ақпараттар салынды. Қазіргі күні эпизоотиялық ахуал тұрақты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<