Жаңашыл бастамалар дамуға жол ашады

357

0

Қызылорда қаласында кейінгі кезде көптеген игілікті істерге жол ашылды. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында жаңашыл жобалар жүзеге асты. Мұндай жұмыстар қай салада да көрініс беріп отыр. Көпқабатты үйлер бой түзеп, жаңа мектептер ел игілігіне айналуда. Алдағы уақытта қоғамдық көлік мәселесі де шешімін табады.

– Облыс орталығының іргесінде тұрса да Ақсуат ауылының тұрғындары «көгілдір отын» игілігін көре алмай келді. Былтыр осы мақсатта республикалық бюджеттен бөлінген 4,4 млрд теңгеге ауылдық округке газ желісі тартылуда. Аталған жобаны аяқтауға биыл 1 млрд 700 млн теңге бөлінді. Көп ұзамай тұрғындар газды тұтынуға қол жеткізеді, – деді Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Сырдарияның сол жағалауында көпқабатты 10 тұрғын үйдің іргетасы қаланды. Оларды инженерлік инфрақұрылыммен қамту үшін бюджеттен 1,2 млрд теңге қаралды. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Оған қоса, жеке инвесторлар есебінен 9,9 млрд теңгеге 509 пәтерлі 18 үйдің құрылысы салынуда.

Қала әкімінің айтуынша, елімізде жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс орталығында заманауи үлгідегі 8 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның бесеуінің құрылысы биыл басталады. Атап айтқанда, Жезқазған трассасы, «Арай», КБИ, СПМК-70 шағын аудандарында және Қызылжарма ауылдық округінде мектептер бой көтермек. Сондай-ақ, сол жағалауда физика-математикалық мектеп-интернаты және тағы бір мектептің іргетасы қаланады. Қызылорда қаласында №1,№2, №3, № 264 мектептер жанынан қосымша ғимараттар салынады.

Сырдың бас шаһарында құрылыс қарқын алып келеді. Бүгінде шаһардың шырайын келтіретін ғимараттар қатары көбейіп, бірқатар әлеуметтік нысандар халық игілігіне берілуде. Өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен Неке сарайы, Өнер орталығы, сол жағалаудағы Қан орталығының құрылысы басталған еді. Ал белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен іргетасы қаланған «Анаға тағзым» орталығы биыл ел игілігіне айналады.

«Бәйтерек» шағын ауданында «Ұңғымалар бұрғылау мен су жинағыш құрылысын салу» жобасы қолға алынды. Сол арқылы «Бәйтерек», «Шанхай», КБИ шағын аудандарындағы жеке тұрғын үйлерді тұрақты қысымды, сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге жол ашылады. Қала көлемінде газ желісі тартылмаған елді мекендерге толық «көгілдір отын» тарту ұдайы назарымызда тұр, – деді қала әкімі.

Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен  «Қызылорда автобус паркіне» «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жаңадан лизингке 150 автобус алынды. Соның аясында қаламызға қазірге дейін 100-і келіп, жолаушылар тасымалдау жағдайын жақсартуға жол ашылды. Қалғаны ақпан айында жеткізілмек. Нәтижесінде 2020 жылдан бастап тоқтап қалған №22-бағыт қайта жандандырылды. Ол «Бәйтерек» тұрғын ауданы мен Тасбөгет кенті аралығында қатынайды.

Сондай-ақ, облыс орталығында меценаттар мен демеушілер есебінен бірқатар жобалар қолға алынды. «Балалар жылы» аясында облыс әкімінің бастамасы арқылы кәсіпкерлердің демеушілігімен қала және оған қарасты кент, ауылдық округтерде 50 ойын-спорттық алаңы салынды. Ал көп пәтерлі тұрғын үй аулаларында 3 спорттық-ойын алаңы пайдалануға берілді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»