Жаңашыл жас педагогтар

1077

0

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының бастамасымен «Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалының ұйымдастыруымен «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты облыстық форум өтті. Форумға аймақтағы жалпы білім беретін мектептер мен NIS-тің жүзден астам жас мұғалімдері қатысып, инновациялық білім беру бастамаларын табысты жүзеге асыру әрі кәсіби даму бағытында тәжірибе алмасты.

Форумның ашылуында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет, «Педагогикалық шеберлік орталығының»  облыстағы филиалының директоры София Камалова және Зияткерлік мектеп директоры Жаңбыржан Бекболатов педагогтардың кәсіби қалыптасуы бағытындағы басты талаптарды атап өтіп, маңызды әрі мазмұнды жүздесуге сәттілік тіледі.

 Жиынды ұйымдастырушылар заманауи мұғалімнің қандай дағдыларға ие болуы қажеттігі жайында көзқарастарын білдіріп, бүгінде мәртебесі заңмен бекітілген педагог мамандардың алдында тұрған жауапкершіліктің салмағы басым екенін атап өтті. Осы тұрғыда форумның мақсаты – кәсіби құзыреттілікті арттыру. Дәлірек айтқанда, жас мұғалімдер оқушылармен жағымды қарым-қатынас орнатуда жаңа әдістерді пайдалану арқылы білім алушының сабаққа деген қызығушылығын арттырып, қабілеті мен талантын тани білуі тиіс. 

Форумның арнайы қонақтары – журналист, диктор, радио және тележүргізуші, сахна тілі маманы, «Soile» курсының жетекшісі Майра Төлепберген, талантты ақын, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда  университетінің «Бизнес Старт» кәсіпкерлік орталығының жетекшісі Жаңарыс Түбекбаев заман талабына сай білім берудің тиімді тәсілдерін қолдана отырып, білім алушының қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру бағытында өз тәжірибелерін бөлісті.

Журналист Майра Төлепберген ұстаздар үшін еңбегін шығармашылықпен ұштастырып, жаңашыл бағытта жұмыс жүргізудің тиімділігі зор екенін айтты. Қазіргі балалар өте зерек, яғни, кішкентай күнінен-ақ смартфонның тетіктерін қозғай алады. Сондықтан оқушымен жұмыс жасауда тынымсыз ізденіс пен жоғары жауапкершілік қана өз нәтижесін беретінін дәлелдермен жеткізді.

– Баламен қарым-қатынаста, жұмыс барысында қаталдықтан гөрі жылы сөз бен жүрек мейірімділігін биік қойсаңыздар, баланың назары да, көңілі де сізде болмақ, – дейді ол.

Қатысушылар тарапынан «қарапайым мұғалімнің тілші болуы мүмкін бе?» деген сауал қойылды. «Егер тілші болу арманы болса, оған жету аса қиын емес. Себебі, қазір өзім еңбек етіп жүрген журналистиканың әр бағытында филолог мамандар көптеп кездеседі. Олар – оқымай-ақ практика жүзінде жақсы қалыптасып, кәсіби құзыреттілігін тапқан жандар. Ал керісінше, журналистиканы арнайы оқып, дипломын алғанымен, бұл мамандықты меңгере алмағандар да аз емес. Сондықтан шынайы құштарлық пен ізденіс болса, оған қоса журналистке керекті қабілеттер бойынан табылса, мұғалім де журналистиканы игере алады, – дейді М.Төлепберген.

Бүгінгі қазақ ақындарының арасында шоқтығы биік, шығармашылығы терең Ұларбек Нұрғалымұлы – прозада, драматургияда қалам тербеп жүрген талант иесі. Ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясын «кинотеледраматургия» мамандығы бойынша бітірген, бүгінде Өнертану магистрі. Ұстаздық пен журналистиканы қатар меңгерген білікті маман.

– Бала күнімде бүкіл адам әдебиетті оқиды деп ойлаушы едім. Есейе келе, олай емес екенін білдім. Алайда осы күні сол ойыма қайта оралдым. Өйткені адам ғарышқа барып жасаса да, ол – адам. Кейде мұңаяды, қайғырады, жалғызсырайды, сол сияқты қуанады, күледі. Осылайша түрлі сезімді басынан кешеді. Демек адам рухын тәрбиелеуде әдебиеттің берері ұлан-асыр. Кейінгі уақытта кино сценарийін жазу барысында осыған нақты көзім жетті.

«Ахмет – ұлт ұстазы» фильмінің сценарийін жазған кезде басты кейіпкер А.Байтұрсынұлының ұлтқа деген ерекше сүйіспеншілігін, өз идеясы жолындағы жанкештілігін көріп, ұстаз мамандығына деген көзқарасым басқаша болды. Айталық, А.Байтұрсынұлы сол патшалық Ресей тұсындағы орыс-қазақ мектептерінің негізгі миссиясын түсініп, оған жол бермеу үшін  қазақ мектептерін ашуға бар күш-жігерін жұмсады. Қазақ әліпбиінің ғылыми негіздемесін жасап, тіл заңдылығын бекітіп берді. Осыған қарап, ұлттық идеяны жүзеге асыруда ұстаздың мойнындағы жауапкершіліктің қаншалықты зор екенін біле түстім.

Жалпы ұстаз ретіндегі басты ұстанымымның бірі, оқушы болсын, студент болсын, оны қателігі үшін ешуақытта жазғырмаймын. Өйткені өмірде адам әрбір қателігінен сабақ ала отырып,  жығылмауға, жеңілмеуге қалыптасады. Сондықтан баланың қателігін бірден бетіне баспай, қайта сол тығырықтан шығуына қолдау көрсету керек. Өзім қазір студенттерге сабақ беремін. Дәріс кезінде олардың пікірін көбірек тыңдаймын. Өйткені ақтарылып айтпайынша, жан дүниесін тану қиын. Оларға берілген тапсырмаларды талқылау кезінде кемшілігін айтпас бұрын артықшылықтарына тоқталып, сөз арасында сыни пікірімді байыппен атап өтемін, – дейді ол. Айта кетейік, форум аясында Ұларбек Нұрғалымұлымен кездесу барлық NIS мектептерінің қатысуымен тікелей эфирде ұйымдастырылған сұхбат алаңында жалғасты.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Бизнес Старт» кәсіпкерлік орталығының жетекшісі Жаңарыс Түбекбаевтың айтуынша, жаңа заман талабы тек икемді мамандықты таңдау емес, сонымен қатар, жеке дағдылардың дамуын талап етеді.

– Кез келген кәсіп пен қызметте цифрлы сауаттылық, стратегиялық ойлау қабілеті, қаржылық сауаттылық және кәсіпкерлік сана секілді дағдылардың болғаны аса маңызды, – деді ол.

Жалпы форум алаңында білім берудің өзекті тақырыптары бойынша оқыту тренингтері ұйымдастырылды. Педагогикалық шеберлік орталығының қызметкерлерімен бірге функционалдық сауатсыздықтың алдын алуды талдай келе, үздік сабақтарды құрастырып, insight зертханасында эксперимент жасады.

Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің шеберлік сабақтарында жас педагогтар өз армандарын қылқаламмен бейнелеп, құндылықтар кітабын жинады, қолөнер шеберханасында, би алаңында тәжірибе алмасып,  шығармашылық шабыт алды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<