Жаңашылдық – алға басудың айғағы

700

0

Кеше Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді. Министр облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге алдымен «ҚазАгроМир» ЖШС-да болып, жылыжай кешенінің жұмысымен танысты.

Жергілікті өнімді көбейтуде жігерлі еңбек бар

Аталған кешен 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Басты мақсат – ішкі нарықты көкөніс өнімдерімен қамту әрі табыс көлемін арттыру. Құны 1,1 млрд теңгені құрайтын жобаның артықшылығы, өз өнімін облысқа ғана емес, көрші Ақтөбе мен Ресейдің кейбір аймақтарына экспорттауда.

– Жылыжай испандық технологиямен жабдықталған. Барлық аумағы 2,2 гектарды құрайды. Қиярдың голландиялық сортын өсірудеміз.  Бір күнде 7 мен 9 тонна аралығында өнім жиналады. Ал биылдан бастап қызанақ еге бастадық. Нәтижесі ойдағыдай. Мұнда көкөністерге күтім жасайтын жұмысшылар мен операторлар жергілікті тұрғындар. Барлығы 30 адам тұрақты жұмыс істеуде. Бір қуанарлығы, жергілікті жерде бағаны тұрақтандыруда біздің өнімнің үлесі көп, – дейді серіктестіктің қаржы жөніндегі директоры Арман Нығматов.

Облыс әкімі аймақта жергілікті өнімдер қорын көбейтуге ерекше басымдық берілгенін және әрбір ауылдың географиялық ерекшелігіне қарай бақша егу жұмыстары қолға алынғанын айтты. маусымдық кезеңде көкөніс өнімдеріне деген бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте министр аграрлық саладағы жобаларды көбейту нарық бағасына тікелей әсер ететінін, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге мән беру қажет екенін тілге тиек етті.

Мұнан соң арнайы делегация қалаға қарасты Қосшыңырау ауылдық округіне барды. Елді мекен тұрғындарымен кездесуде олардың талап-тілектеріне назар аударылып, өтініштері тыңдалды.

Ауылдық округке екі елді мекен – Абай және Досан ауылы кіреді. Барлығы 3 жарым мыңға жуық тұрғын бар.

– Ауылдағы ең негізгі мәселе – газ тарту. Ауыл халқының басты өтініші де осы. Жобаның құны 685 млн теңгеден астам қаржыны құрап отыр. Бүгінде жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды. Қаржыландыру мақсатында бюджетке өтінім де беріліп қойды. Алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табады деген үміттеміз, – дейді ауылдық округ әкімі Сейдуали Әбдіқадыров.

Министрдің сөзінше, газдандыру жұмыстары тоқтамайды, қаржы мәселесінде кедергі болмауы керек.

Тіректі елді мекендер қатарына жататын Ақжарма ауылында биыл ауқымды жұмыстар жүруде. Соның бірі – мемлекеттік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы. Үлкен көлемде егін шаруашылығымен айналысатын елді мекенде биыл бес көше жөнделіп, асфальт төселген. Жоба құны 210 млн теңгеден асады. Министр арнайы барған ауылда мұнан өзге де жағымды жаңалық көп. Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев келген делегацияға бағдарлама аясында жүргізілген ауыл көшелерін жөндеу жұмыстарын таныстырып өтті.

– Бағдарламаның тиімділігі сол, тіректі елді мекендердің көп мәселелерін шешіп беруде. Мысалы, былтыр аудан орталығы – Тереңөзек кентіндегі орталық стадионға және А.Иманов көшесіне күрделі жөндеу жүргіздік. Сондай-ақ осы Ақжарма елді мекеніндегі кейбір көшелер орташа жөндеуден өтіп, түнгі шамдармен жарықтандырылды. Ал биыл аталған бағдарлама шеңберінде Ақжармадағы бес көше жөнделді. Олар – Әукенов, Ысқақов, Балапанов, Омаров, Садық ахун атындағы ауылішілік көшелер. Негізгі жұмыстар шілде айында аяқталуы тиіс болатын, бірақ қазір жол құрылысы уақытынан бұрын бітіп отыр, – деді аудан әкімі.

Биыл аудан әкімдігі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы бірнеше жоба да ұсыныпты. Оның ішінде төрт елді мекенді (Шаған, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин) газдандыру, аудан орталығы мен ауыларалық автомобиль жолдарын жөндеу және жаяу жүргіншілер жолы сынды жұмыстар бар.

– Ақжарма ауылы 2013 жылдан бері тіректі елді мекендер қатарында. Кейінгі екі жылда мемлекет тарапынан көп қаржы бөлініп, үлкен жұмыстар атқарылды. Ауылдағы барлық ішкі көшелер асфальттанып, түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Орталықтағы үш көшеге аяқсу тарту үшін латоктар қойылды, қазір бұл жағынан бізде мәселе жоқ. 2015 жылы ауызсу үй-үйге тартылса, 2017 жылы электр бағандары мен желілері түгел жаңартылды. Елдегі екі ірі шаруашылық – «Ақжарма және К» және «Ақжарма-2» ЖШС ауыл халқын жұмыспен қамтуда үлкен рөл атқарып отыр. Сондай-ақ екі серіктестік елдегі әлеуметтік шараларға белсене араласып отырады, – дейді ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов.

Айта кетейік, аймақ бойынша 103 тіректі және спутниктік елді мекен бар. 2019-2022 жылдар арасында 36 тіректі, 12 спутниктік елді мекенде 216 жобаны іске асыру үшін 19 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.

***

Толғандырған тақырыптар талқыланды

Ықпалды азаматтық қоғам – мемлекет дамуының негізі. Осы орайда бұқарамен билік арасындағы диалогты қалыптастыруда қоғамдық кеңестің рөлі ерекше екені белгілі. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Достық үйінде» қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, елдегі әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын талқылады. Оған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай және басқарма басшылары қатысты. Алдымен министр Қазақстан экономикасының дамуы жолындағы қолға алынған бірқатар жұмыстардан хабардар етті.

– Өткен жылы Қазақстан экономикасының өсу деңгейі қамтамасыз етілді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша экономика өсімі 4,1% құрады. Осы ретте министрлік бірқатар тиісті шараларды қабылдауда. Мәселен, бүгінгі таңда өндірісті ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бұл – өз өнімдерін сату кезінде жаңа бизнес кәсіпорындары үшін қосымша құн салығын 70%-ке төмендету. Демек, өңдеу өнеркәсібіндегі шағын бизнес субъектілері үшін жаңа негізгі қорларға инвестиция салған жағдайда корпоративтік табыс салығынан босатылады. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында өндірілмейтін тауарлар бойынша есептеу әдісімен төлеуде жеңілдік ұзартылды. Министрлік әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдау шараларын қабылдауда. Мүлік салығының төмендетілген ставкасы және қызметкерлерді оқыту шығындарын екі есе шегеруге мүмкіндік бермек. Әкімшілендіру мен салық төлеуді оңайлату жөнінде бірқатар шаралар қабылданды, – деді Әлібек Қуантыров. Сондай-ақ ол кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асырудағы жаңалықтармен де бөлісті. Мәселен, кәсіпкерлерге сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау 6% жылдық шегі қарастырылған, онда несие сомасы 3 млрд теңгеге дейін.

Кездесуде қоғамдық кеңес мүшелері халықтың көкейінде жүрген бірнеше сауалдарды қойып, жаңа Қазақстан құрудағы бастамаларға сәттілік тіледі. Экологиялық тақырыптан бастап, экономиканың өсу қарқыны, мемлекеттік бағдарламалардың  тиімділігін қайта қарау секілді мәселелер көтерілді. Халық табысын арттыру, жастардың жұмысқа орналасуы, кәсіпкерлерге берілетін жеңілдетілген несиенің қолжетімділігін  салмақтаған сұрақтар  қойылды.  Халықтың мәселесі қазір шешілуді талап етеді. Сондықтан жергілікті жердің кезек күттірмейтін мәселесін облыстық, қалалық мәслихаттармен бірге жеделдетіп шешуге бағыттал керек. Қаржыландыру мәселесі тек орталықтан емес, жергілікті жерде шешімін тапса деген ұсыныстар да айтылды. Макроэкономикадан жеке кәсіпкерлікке көшу бүгінгінің талабы екені рас. Бұл орайда кіші кәсіпкерлерді қолдауға байланысты нақты жұмыстар істелуі қажет.

Кеңес мүшелерімен кездесуден кейін министр Әлібек Сәкенұлы жеке қабылдау өткізді. «Дипломмен – ауылға» жобасы жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда оң нәтижелер бергені рас. Балдырған Қожатай есімді азамат осы мәселенің алдағы уақытта тиімділігін қайта қарап, саралау қажеттігін көтерді. 

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша тұрғындардың таза ауызсумен қамтылуына алаңдаған Қайрат Шакиров те маңызды мәселе қозғады. Ол үшін мемлекеттен бөлінетін субсидияның қажеттігі айтылды. Ал Шалқия кентінен келген Құнанбай Абзалов ауылға газ кіргізуге қаржы бөлуге ықпал жасауын сұрады.  Үш мыңнан астам халық тұратын ауылдың тыныс-тіршілігінен хабардар еткен ол тұрғындардың «көгілдір отынның» игілігін көргісі келетінін жеткізді.

Өңір тұрғындарының мәселесін ыждағаттылықпен тыңдаған министр заң талаптарына сәйкес жан-жақты қарастырылып, оң шешілуіне жұмыс істейтінін жеткізді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<