12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы, жастар ісі бойынша министрлердің 1998 жылы 8-12 тамызда Лиссабон қаласында өткен Бүкіләлемдік конференция жасалған ұсыныс бойынша бекіткен. Бұл күнді атап өту жастар мүддесін қорғауға арналған.
2015 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданып, жастардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайды. Сол арқылы жастардың саны 3,7 млн-нан 6 млн-ға артты. Мұнан бөлек, 2029 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты туралы тұжырымдама қабылданып, онда жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, заманауи құндылықтар мен патриоттық тәрбие, салауатты өмір салты, NEEТ санатындағы жастар үлесін төмендету, сондай-ақ, ауыл жастарын қолдау мәселелері қарастырылған.
Осы орайда өңірдегі бірқатар жас буын өкілдерімен жұмыс істеп, көптеген тың идеяларды жүзеге асырып жүрген Жастар ресурстық орталығы көптеген жас үшін үлкен маңызға ие. Мұнда олар өздерін еркін сезініп, ойларындағы тың идеяларды паш етіп, бір-бірімен пікір алмаса алады.
Мереке аясында облыстық жастар ресурстық орталығына барып, мереке қарсаңында өтіп жатқан іс-шаралардың барысымен танысып қайттық.
– 3-12 тамыз аралығында онкүндік ұйымдастырылуда. Әр күнге тақырыптық атау беріліп, іс-шаралар өтіп жатыр. Барлық іс-шаралар жастардың қабілеттерін шыңдауға бағытталған. Бүгінде жастар жауапкершілік жүгін сезініп, жүктелген жұмысты тыңғылықты атқара алатын күшке ие. Қазір ой жарыстыратын заман. Білім мен қабілетті ұштастырып, ел дамуына күш салып жүрген жастарымызға қолдау көрсету – біздің міндетіміз. Алдағы уақытта мерекеге орай жастардың қатысуымен өтіп жатқан онкүндік аясындағы іс-шаралар қорытындыланып, бірқатар жастар марапатталатын болады, – деді орталық басшысы Әліби Басаров.
Онкүндік аясындағы іс-шаралар 3 тамызда бастау алды. Бірінші күні – «Таза Қазақстан» деген тақырыпта өтті. Бұл күні жастар мен жастар ұйымдарының, волонтерлер мен белсенді экологиялық қозғалыс өкілдерінің қатысуымен тазалық акциялары өтті. Одан соң 4 тамызда – «Жас келсе, іске!» деген атаумен қазақстандық ынталандырушы және көркем фильмдерді, оның ішінде жас режиссерлер түсірген фильмдерді көрсету мақсатында «Aspan Cinema» шарасы ұйымдастырылды. Ал келесі күн жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды. «Жастар денсаулық орталығының» көшпелі форматтағы ашық есік күні, емханаларда скрининг, «Донор бол!» ерікті түрде қан тапсыру акциясы өтті. 6 тамыз «Ғылым таппай мақтанба!» деп аталып, білім құндылықтары мен зияткерлік қабілетті дамытуға басымдық берілді. Сондай-ақ «Кітап сыйла», «Түнгі кітапхана» акциялары, квиз және интеллектуалды сайыс форматында заманауи ойындар өтті. 7 тамыз – Мейірімділік мекені. Бұл күн қайырымдылыққа арналды. «Игі істер марафоны», «Әлеуметтік дүкен» қызметі ұйымдастырылды. 8 тамызда «Қазақстан жастары» тақырыбында танымал тұлғалардың қатысуымен түрлі салалар бойынша ТЕД-х форматында кездесулер өтсе, 9 тамызда орталықтың бастамасымен және жастардың сұранысы бойынша қолға алынған «Мүмкіндіктер алаңы» іс-шарасы өтті.
Сонымен қатар, бүгін «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тақырыбында Абай Құнанбайұлының шығармашылығын насихаттауға арналған түрлі байқаулар, челленждер мен бейне құттықтаулар сериясы ұйымдастырылады. Ал ертең «Қорған 24» деген атаумен іс-шара өтеді. Ол жастар арасында зиянды әрекеттердің алдын алуға бағытталған. Онкүндік «Жастармен Бірге!» атты «Open Air» форматындағы кешпен қорытындыланбақ. Аталған кешке жастар арасында танымал өнер өкілдері де қатысады деп жоспарлануда. Іс-шара аясында барлық санаттағы жастар, волонтерлер және жас мемлекеттік қызметкерлер мен жас кәсіпкерлер марапатталады. Сондай-ақ «Тәуелсіздік ұрпақтары» облыстық байқауының жеңімпаздарына номинациялар табысталады.
Жастарды қолдауға бағытталған жұмыс тек мереке күні емес, жүйелі түрде жалғасын табады.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<