Жаңғырту қызмет сапасын жақсартады

323

0

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің жаңғыртылған және қайта қалпына келтірілген нысандарына баспасөз турын өткізді. Оған облыстық және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Баспасөз турына қатысушылар алдымен орталық алаңға барып, осы аумақтағы ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстарымен танысты. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында «Қызылорда су жүйесі» биыл сумен жабдықтау қызметі бойынша тозу дәрежесін 18-ден 16,22 пайызға дейін түсіру үшін ауызсу және кәріз құбырларын ауыстыруда.

Айта кетсек, былтыр инвестициялық бағдарлама бойынша кәсіпорын өз қаражаты есебінен сумен жабдықтау және су бұрудың 19 нысанына күрделі жөндеу жүргізген. Қанша қаражаттың игеріліп, үнемделгенін әрі жаңа инвестициялық бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстар барысын Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Айбек Егембергенов айтты.

– Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасымен келісіп, департаменттің бұйрығымен «Қызылорда су жүйесіне» 2020-2024 жылдарға ұзақ мерзімге инвестициялық бағдарлама бекітілген. Оның жалпы соммасы 995 миллион теңгені құрайды. Өткен жылы бекітілген 131 миллион теңге қаражатқа орындалған жұмыстарды бақыладық. Оның 105 миллионы игеріліп, қалған қаражаты мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша үнемделген. Ал биылға өз қаражаты есебінен 44 миллион теңгеге жаңа инвестициялық бағдарлама қарастырылған. Одан бөлек «Тарифті инвестицияға айырбастау» бойынша жаңа тарифтік бағдарлама қолға алынды, – дейді А.Егембергенов.

Осыған сәйкес 2023 жылға мемлекеттік бюджеттен 695 223,22 мың теңгеге инвестициялық бағдарлама қайта бекітілді. Жалпы өз қаражаты есебінен, яғни 20041,73 мың теңгеге сумен жабдықтау қызметі бойынша техникалық қайта жарақтандыруға 19 ұңғыманың насос қондырғылары сатып алынып, орнатылған. Осы бағдарлама аясында 6-7 жылдың ішінде барлық коммуналдық желілердің тозу деңгейін 15-20 пайыз аралығында төмендету көзделіп отыр.

Мекемеде атқарылып жатқан жұмыстарды «Қызылорда су жүйесі» МКК бас инженері Наурыз Баярыстанов таныстырды. Жалпы сумен жабдықтау жүйесінің тозуы 19,44-тен 18 пайызға дейін, кәріз су жүйелерінің тозуы 19,56-дан 19 пайызға, ал нормативтік ысыраптар көрсеткіші 17,19-дан 16,93 пайызға төмендеген. Сондай-ақ апаттар саны 85-ке азайған.

Баспасөз турына қатысқан мәслихат депутаттары ауызсу мәселесін толық шешу тетіктерін талқылады. Айта кетсек, жаз мезгілінде қала тұтынушыларына 80-100 мың текше метрге дейін сапалы су жеткізіліп отыр. Дегенмен, шығын көп. Себебі тұрғындар жазда бау-бақшасын суарса, ал кәсіпкерлер техникалық мақсатта ауызсуды көп пайдаланады. Оған қоса, жеке тұлғалар уақытылы төлем жасамайтыны да үлкен мәселе туындатып отыр. Сол үшін төлемді тікелей мекеменің есебіне түсетіндей ету қарастырылуда.

Одан бөлек әр тұтынушының ысырап жасауына жол бермей, судың да сұрауы бар екенін білдіру керек. Бүгінде халық 1000 литр суға 39 теңге төлеп отыр. Сондықтан депутаттар тарифтерді қайта қарау керегін жеткізді.

Айта кетсек, қазіргі уақытта 4 жоба бойынша ауызсу құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ал сарқынды суды бұру қызметі бойынша кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 3 нысан күрделі жөндеуден өтуде.

Атқарылған жұмыстар кәсіпорынның көрсететін қызметінің сапасын жақсартады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<