Жаңғырту жұмыстары жалғасуда

203

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, ондағы жұмыс барысын тексерді. Алдымен  Тұңғыш Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Мұнда халықтың сұранасына сай автокөлік тұрағы салынады, гүлзармен көмкерілген көркем келбеті қалыптасады. Парк ішінде 3 аллея, 3 бөліктен тұратын субұрқақ,  амфитеатр,  бетон-скейтпарк, 7 балалар ойын алаңы,

4 спорт алаңы, 4 workout аймағы, 4 фудкорт,  шағын сәулеттік пішіндер және аттракциондар болады.

Әрі қарай қалалық мәдениет және демалыс саябағын қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Қазір  мұнда 20-дан астам заманауи атракцион орнатылып, серуен жолына қырлы кеспе плита төселуде. «Bi Global» серіктестігі демонтаж жұмыстарын  бітіріп,  субұрқақтар мен жарық шам­дарын монтаждауға кіріскен. Мамыр айында  толық аяқтап, пай­далануға беру межеленген.

Мұнан бөлек аймақ басшысы Қы­зылорда қаласындағы жаңа жылу-электр орталығы құры­лы­сы­мен танысты. Инвестор   «Акса Энерджи» түрік компаниясы жо­баға бағыттаған 215 млрд теңге инвестициясының  137 млрд теңге­ден астамын  салды.

Негізгі қондырғыларды дайын­дауға шетелдік компанияларға тап­сырыс беріп, қазір газтурбиналық қондырғылар мен жылу қазандығы орнатылуда. Бюджет есебінен 15 млрд теңгеге жаңа орталыққа дейін газ құбыры жүргізілді. Жылу-электр орталығын биыл төртінші тоқсанда іске қосу жоспарлануда.

Сондай-ақ облыс әкімі Сырдария өзенінің сол жағалауындағы тари­хи-мәдени мұра орталығының құ­рылысын көрді. Құрылыс алаңын­дағы жұмысқа 90 адам және 10 тех­ника жұмылдырылған. Жер жұ­­мыс­тары мен іргетас қалау 100% аяқ­талып, ішкі әрлеу, су­мен жаб­дықтау, кәріз, газ және электр же­лілерін тарту  қарқынды жүр­гі­зі­луде. Нысан мамыр айында ел игі­лігіне табысталады.