Біз де студент болғанбыз
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетінде білім алдым. Студенттік кезеңді қырық жылдан соң еске алу ерекше сағыныш сезіміне бөледі. Ең бірінші ата-анамның қамқорлығы есіме түсті. Ең алғаш оқуға бара жатқанда анам: «Алматыға не үшін бара жатырсың?» деп сұрады. Мен ашуланып, «білім алуға»деп жауап бердім. Сонда анам «Алматыға барған соң қандай мақсатта келгеніңді ұмытпа!» деді. Анамның осы сөздері әркез жадымда бағдарым болды. Мақсатқа жетуге ұмтылдым.
Оқудан қайтарда бізге ұшаққа билет алып беретін. Тезірек келсін деп сағынғаны шығар. Бізді күтіп аларда анам Жалағаш ауданы, Калинин совхозынан ыстық тамақ пісіріп, оны қазанымен әуежайға алып келетін. Ауылға жеткенше көліктің ішінде өзі қолымен жегізетін еді. Ең дәмді, ең тәтті тамақ болатын. Анам дүниеден озғаннан кейін де, әкем қыстың күні міндетті түрде Алматыға арқаланып келіп кететін. Сіңілім екеуміздің жағдаймызды біліп, қуанып қалатынбыз. Ата-ананың қамқорлығы, балаға деген махаббаты осылай ерекше болу керек деп ойлаймын.
Студенттік жылдары айына бір рет поштаға барып қалааралық байланыс арқылы үйге қоңырау соғамыз. Екі минут уақыт кейде «алло-алло» деумен өтіп кететін. Телеграмма жазамыз. Почтадан келген хаттар жатақхананың кіреберсіндегі үстелдің үстінде тұратын. Әр өткен сайын көз тастап, үйдің хабарын асыға күтетін едік. Ол кезде Алматыдағы Пушкин атындағы кітапханаға барамыз. студенттер отыратын залда емес, жарықшамдары бар, безендірілген ғалымдарға арналған залға барып отыру арманымыз болатын. Екі залдың ортасын бөліп қойған. Онда студенттерді кіргізбейтін. Кітапханашыдан рұқсат сұрап кіріп, сол залда отырып қуанған кездеріміз болды.
Студенттік жылдардағы достарыммен әлі күнге дейін қатысамын. Алматы – білім нәрімен сусындатқан, адал достар сыйлаған қала.
Жаңыл ЖОНТАЕВА,
Назарбаев университеті қосымша білім беру департаментінің директор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<