Жанкент жайында жаңа деректер

716

0

Жанкент қаласының орнында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған көне тарихымыздың көмескі естеліктері көптеген ғылыми жаңалықтарға негіз болмақ. Айталық, бұған дейінгі деректерде Жанкент қаласының ІХ-ХІ ғасырларда бой көтергені айтылып келсе, жаңа зерттеулер шаһардың іргетасы VІІ ғасырда  қаланғанын анықтады.

Тарихи-мәдени ескерткіш төрт жерден қазылып, археологтар заманауи инновациялық құрал-жабдықтардың көмегімен зерттеулер жүргізіп жатыр. Білуімізше, қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер археологиялық зертханада өңделіп, облыстық тарихи-өлкетану музейіне беріледі.

 Осы тақырыпта өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі КММ басшысы Ерқазы Алданазаров, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев, Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Аржанцева, Германиядағы Тюбинген университетінің профеcсоры, археология ғылымдарының докторы Генрих Харке Жанкент қаласының орнында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының тарихи әрі ғылыми маңызы туралы әңгімеледі.

Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі КММ басшысы Ерқазы Алданазаровтың айтуынша, облыс әкімінің қолдауымен Қазалы ауданы, Жанкент ауылының іргесінде орналасқан республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш – Жанкент қаласына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу 2014 жылы басталған. Қалашықтағы қазба жұмыстары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми орталығы, археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеевтің жетекшілігімен жүргізілуде.

Баяндамашылардың ақпаратынан археологиялық қазба жұмыстарының тың жаңалықтарға жол ашқанын байқадық. Айталық, әртүрлі тарихи кезеңдерге сәйкес келетін тұрғын үйлердің орны, маңызды құрылыс нысандары, қыш дайындап, құмыра күйдіретін пештер, кесенелер табылып, бірқатар нысандар консервацияланды. Бұдан бөлек, қыш құмыралар, сүйектен, қыштан дайындалған бұйымдар, тиындар, моншақтар, алтын жапсырмалар, керамикалық ыдыстар, глазурьленген қыш қаптамалар табылған. Сондай-ақ,  қазба  жұмыстары кезінде консервацияланған бір бөлменің композициясы жасақталып, Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін, тарихи мүсіндер қойылып, туристер үшін қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын көруге мүмкіндік жасалған.

– 2018-2019 жылдары және биыл қалашыққа Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы (Ресей федерациясы) этнология және антропология институты мен Тюбинген (Германия) университетінің  әріптестігімен бірлескен үшжылдық жоба аясында (Германияның неміс гуманитарлық зерттеулер қорының қаржыландыруымен) археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Цитадельде, шахристандағы тұрғын үй орындары, геофизикалық зерттеулер, топырақ құрамын анықтау, аршылған нысандардың сызбасын сызу жұмыстары атқарылды.

Облыс аумағындағы ортағасырлық Жанкент қаласының орнында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары биыл да жалғасты. Зерттеушілер жаратылыстану ғылымдары әдістерін қолданып, Жанкенттің абсалюттік жасын анықтады. Бұған дейінгі деректерде көне қаланың ІХ-ХІ ғасырларда бой көтергені айтылса, жаңа зерттеулер  шаһардың  іргетасы  VІІ ғасырда қаланғанын көрсетті. Тарихи-мәдени ескерткіш төрт жерден қазылып, археологтар заманауи инновациялық құрал-жабдықтардың көмегімен зерттеулер жүргізіліп жатыр. Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер археологиялық зертханада өңделіп, облыстық тарихи-өлкетану музейіне беріледі, – деді  Әзілхан Тәжекеев.

Германиядағы Тюбинген университетінің профеcсоры, археология ғылымдарының докторы Генрих Харке Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойында Орта Азияға қатысты тарихи-мәдени ескерткіштердің көп екенін атап өтті.

Келешекте мүмкіндік болса «Жетіасар мәдениетін», Қорқыт ата мұрасын зерттеуге қызығушылығы бар екенін  жасырмады. Ал Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Аржанцева қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер ішінде ежелгі жануарлардың, үй жануарларының сүйектері бар екенін, алдағы уақытта осы жәдігерлерді тереңдете зерттеу арқылы басқа да ғылыми тұжырымдарға қол жеткізілетінін айтты. Сондай-ақ, ол экспедиция жұмысының барысында сол дәуірдегі керамика өндірісі, құрылыс саласының ерекшеліктері сынды тың тақырыптар экспедиция құрамындағы жас ғалымдардың ғылыми монографиялық еңбектеріне арқау болғанына тоқталды.

Жоба жетекшілері, шетелдік ғалымдар Жанкент қалашығының ғылыми-зерттеу нысаны ретінде әлеуеті зор екенін айтып, егер қаржылай қолдау болса, әрі қарай да бірлесе жұмыс атқаруға ынталы екендіктерін білдірді.

Айта кетейік, зерттеу жұмыстарына Тюбинген университетінің, Ресейдің Жоғары Экономика мектебінің, Мәскеу мемлекеттік университетінің және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері мен 35 ғалым қатысып жатыр.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<