Жанкешті журналистер

1239

0

Пандемия кезінде журналистер де дәрігерлер, полицейлер мен әскерилер сияқты қауіптің алдыңғы шебінде жүрді. Елде төтенше жағдай жарияланып, ел абыр-сабыр күйге түскен шақта олар азаматтық позициясынан айныған жоқ.

«Qyzylorda» телеарнасының арнаулы тілшісі Тәжімұрат Әлжанов – коронавирус инфекциясы жөніндегі жергілікті ахуалды тұрақты түрде ақпараттандырған әріптестеріміздің бірі. Алғашқыда ауру жұқтырып алу қорқынышы болғанын, бірақ оны мамандығына деген махаббаты жеңгенін айтады.

– 28 наурыз. Сенбі. Облыста індетке шалдыққан бірінші науқас тіркелді. Шұғыл жаңалықтар шығарылымын әзірледік. Ертеңіне тағы бір ауру анықталды. Жұқпалы инфекцияның бізге де келгенін түсіндік. Әрине, әуелгіде үрей болды. Отбасымызды ойладық. Бірақ ақпарат таратып, көрерменге карантин талабын түсіндіру керек. Халық көп жүретін орындардан репортаж дайындадық. Бар қорғаныш құралымыз бетперде мен антисептик еді, – дейді ол.

Телеарнадағы әрбір шығарылым – ұжымдық еңбек. Оған кадр сыртында қаншама маман жұмылатынын бірі білсе, бірі білмейді. Тәжімұрат осы орайда журналистер Шолпан Исабекова, Асқар Тәжиев, Әкімжан Жолтаев, Елжас Әбділда, Еламан Жаматов, Азамат Әуезхан, телеоператорлар Бауыржан Қожамұратов, Алмат Меңдібаев, Алпамыс Әшірбеков, Сырым Өтегенов, Бөгенбай Абасилов, Нұржан Музарапшин, монтажер Төрехан Қожахметов, Досхан Сәтбайдың есімдерін ерекше атады.

Түсірілім кезінде телеарнадағы әріптестеріміз түрлі жағдайға кезікті. Талапты бұзғандар өздеріне дүрсе қоя берген. Сонда да оларды эфирден көрсетті. Басқаларға сабақ болсын деді. Науқастармен, дәрігерлермен тілдесіп, түрлі сюжет әзірледі.

– Халықты ресми ақпаратқа сендіру оңай болған жоқ. Көбі мұны саясатқа балап, бейқам жүрді. Салдарын көріп отырсыздар. Індет өршіп кетті. Жаппай тұмауратып, дене қызуы көтеріліп, салқын тигізгесін ғана сақтана бастады. Сонда да ауруды баланың сандырағына балайтындар бар, – дейді Т.Әлжанов.

Облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Ержан Қожасов та әріптестерінің көбі үйден жұмыс істеуге көшкенде тосқауыл бекеттері мен арнайы штаб жұмысын үзбей көрсетті.

– Тәртіп сақшылары, медицина қызметкерлері, әскерилер қиын кезде үй көрмей еңбек етті. Мысалы, полиция аға лейтенанты Әлібек Ержанов екі айға жуық уақыт бойы қаладағы тосқауыл бекеттерінің бірінде қауіпсіздікті күзетті. Одан бөлек, қорғаныш құралдарының тапшылығын болдырмас үшін маска тігіп, халыққа тегін таратқан еріктілер еңбегін айтуымыз керек, – дейді журналист.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<