«Жанымның ұясы»

590

0

Облыстық филармонияда «Қызылорда облысы әйелдер ақпарат орталығы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Тақырыптық көріністер арқылы гендерлік теңсіздік проблемаларын шешу» жобасы аясында «Жанымның ұясы»  психологиялық драмасы сахналанды.

Іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемовпен қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова қатысты.

Сценарий авторы Анар Ізден мен режиссері Әзиза Іздіқұл қазіргі қоғамдағы түйткілді мәселені қойылым желісі арқылы көрермен назарына ұсынды. Автор шешімі қиын бір ғана мәселені қозғамай, шиеленіске толы өмірді шебер суреттеген. Қойылымның аудармасы да өте жеңіл әрі шынайы. Әдеби тілден гөрі күнделікті ауызекі тілге негізделген.

Спектакльде несиенің бейнетін көрген шарасыз отбасы, күні-түні күйбең күнкөріске ғұмырын байлаған жандар, бақыттың кілтін іздеген жастар, жалғыздықпен дос болған Ауған соғысы ардагерінің жан күйзелісі бейнеленген. Бір шаңырақтың күнделікті тіршілігі баяндалған қойылымды тамашалау арқылы кейбір келеңсіз оқиғалар әрбір отбасында көрініс табатынын аңғаруға болады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытбек Темірбеков бастаған шығармашылық топ өз кейіпкерлерінің жан дүниесін барынша аша білді.

Спектакльде Аружан есімді кейіпкердің теріс қарап отырып жарықты жағып-өшірген сәті бар. Қыз баланың ренжіген сәтте іргеге қарап отыруын режиссер шебер суреттеген. Жобада айтылғандай гендерлік саясат қайда деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл дегеніміз – әйелдердің ерлермен теңесіп, шалбар киюі емес. Ол – дін саясаты секілді нәзік құбылыс. Сондықтан сценарий авторы оны Аружанның су ішіп отырған шынаяғы мен тоңазытқышқа «Ау, еркектер қайдасыңдар?» деген тіркесі арқылы жасырып қойған. Қоғамның ащы шындығы спектакльде осылайша сығалайды.

Қойылымда сағат тілінің тоқтап, оның жаңалануы арқылы қайта соққанында үлкен мән жатыр. Мұны «Жаңа Қазақстан» деп саясиландыруға болады. Бірақ сағат – тіршіліктің өлшемі. Сол себепті оны қойылымның негізгі тетігі ретінде қарастыруға болады.

Режиссер қарапайым отбасының кіші ұлы Нұрбектің өрескел биі арқылы өмірде кездесетін кез келген қиындықтың шешімі бар екенін алға тартты. Сондай-ақ, жақсылықтың жаршысындай болған Сәуленің қайын інісінен ұрыс естіп, үндемей қалуы қазақ қызының инабаттылығын көрсетсе, әр сөзі, жүгіріп ас дайындауы, отбасындағы қиыншылықты жеңетін нәзік күші арқылы болашаққа сеніммен қарауды көрсетеді. Қысқаша айтқанда, автор адамгершілік адам жанының ұясы екенін осылай бейнеледі.

Тақырыбының өзі «Жанымның ұясы» деп аталуы лирикалық сарын беріп, көрерменге үміт сыйлады. Спектакльді тамашалауға келген көрермен бір күліп, бір жылап, қойылымның мазмұнын шынайы өмірмен теңестірді. Әр кейіпкердің іс-әрекеті өмірдің шынайы сәттерін көрерменіне көрсете білді.

Кеш соңында қонақтар спектакльден алған әсерлерін бөлісіп, жүрекжарды лебіздерін жолдады.

– Театр   –   өнердің   жүрегі. Ұлттық өнеріміздің ұлықталып, жоғары деңгейге жетуінде саф өнердің рөлі, театр артистерінің еңбегі зор. Оған осы бір сахналық қойылым арқылы тағы да көз жеткіздік. Меніңше, бүгінгі спектакль тақырыбына сай шынайы өмірдің айқын бейнесін көрсетті. Анар Ізден мен Әзиза Іздіқұлдың бірлесіп жасаған жұмысы көрерменнің оң бағасына ие болды деп білемін. Адамдарға ой салып, өміршеңдіктің үлгісін көрсететін осындай туындылар көбейсе, театр өнерінің өрісі кеңейетініне сенемін, – деді облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов.

Мира Жомартқызы шығармашылық топқа және атсалысқан барша жандарға алғыс айтса, Ақзира Бақтыбайқызы жоба авторы Анар Жарылқасынқызына ерекше ілтипат көрсетіп, қала әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<