Жанып тұрған шырақты шыр айналған

57

0

Алматы қаласындағы әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде Сыр өңірінің тумасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмабай Әбіловтің 70 жылдығына орай еске алу кеші өтті. Алқалы басқосуда ғалымның ұстаз ағалары, қанаттас қаламгер достары, замандастары, шәкірттері естеліктер айтып, оның елеулі еңбектерін жаңғырту, талапкер жастарға оның өнегелі істерін насихаттау бағытындағы ойларын бөлісті.

Жиынды журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлы жүргізді. Алғашқы сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы Жұмабай Әбілдің өмір жолына шолу жасап, жылы лебізін білдірді.

– Жұмабай студент кезінен қоғамдық жұмысқа белсене араласатын алғыр шәкірт болды. Ол 1976 жылы екінші курста оқып жүргенде факультетте М.Сералин атындағы әдеби бірлестік ашуға ұсыныс жасады. Ол үшін әуелі сол кездегі факультет деканы Т.Қожекеевтің рұқсатын алу қажеттігін ескерттім. Өз ұстанымына берік Жұмабай ол кісіге де өз пікірін дәлелдеп, келісімін алды. Осылайша жаңа әдеби бірлестіктің негізі қаланды. Сол студенттік ұйым арқылы талантты талапкерлердің шығармашылық байланысы нығайды. Сондай-ақ балауса өлеңдері республикалық басылымдарда және «Темірқазық» жинағында жарық көрді. Осы шаруалардың бәрінің басында шаршап-шалдығуды білмейтін Жұмабай жүрді. Нәтижесінде шығармашылықта шыңдалған сөз зергерлерімен қатар қазақтың қабырғалы қайраткерлері өсіп жетілді, – деді ол.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Есберген Алауханов Жұмекеңнің білімпаздығын, жастайынан өзіне жол көрсетіп, әдебиетке қызығушылығын оятқан әсерін тебірене баяндаса, белгілі жазушы Нұрғали Ораз, журналист Қайнар Олжай Жұмекең басқарған әдеби бірлестіктің мүшелері болғанын, тырнақалды туындылары респубикалық баспасөзде жариялануына да себепші Жұмекең екенін мақтанышпен айтты. Ал курстас замандасы, профессор Гүлзия Піралиева ғалымның терең білімпаздығы, соңында қалған кітаптарының ғылыми маңызы туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

Әдеби кешке арнайы шақырылған қонақтар сатирик жазушы Нұрмахан Елтай, ғалым Серікқазы Қорабай, Жабал Шойынбет, Жұмекеңнің Жаңақорған аудандық газетінде бірге жұмыс істеген әріптесі Мағираш Тұрсынова, жерлесі Сүлеймен Садыбай естеліктерін бөлісті. Осы қызықты шараға Жұмекеңнің қызы Гүлзада жолдасымен бірге қатысты.

Кеште халық әндері шырқалды, студенттер 1981 жылы Жұмекең өзі құрастырған «Темірқанат» кітабына енген ақындардың өлеңдерін жарыса оқып, тыңдармандарды әсерге бөледі. Ұйымдастырушылар, Жұмабай Әбілдің шәкірттері Асқар Дүйсенбі мен Жылбек Керімбек көпшіліктің алғысын алды. Ғалымның аты да, хаты да ұлықталған керемет кеш көңілге ой салды. «Ғылым аспайтұғын қыр, ашпайтұғын сыр жоқ» екенін еске ала отырып, осындай игі шара алдағы уақытта оның қызмет атқарған Түркістан қаласындағы Қ.А.Иассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жалғасын тапса деген ұсыныс айтылды.

Иә, өнер – ағып жатқан бұлақ, ғылым – жанып тұрған шырақ десек, Жұмабай жанып тұрған шырақты шыр айналған нағыз жанкешті еді.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Алматы қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<