«Өмір – бір көшкен керуен» дейді халқымыз. Шынында, өмір сағаты тоқтаған жандар кез келген жерде керуеннен түсіп қала береді, ал оның жақсы істерін өзінен кейінгілер жалғастырады. Бұл – тіршіліктің бұлжымайтын заңдылығы.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырында адал қызметімен, адами қасиетімен артында жақсы із қалдырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосқан Қамбарбек Мүбараковтың есімі аймақ тұрғындарына етене таныс.
Ол еңбек жолын Жаңақорған ауданы «Өзгент» совхозында қарапайым слесарь болып бастап, экономист-менеджер мамандығы бойынша жоғары білім алды. Қызылорда облысы бойынша салық басқармасының жанама салықтар бөлімінен жұмысын бастады, бөлім басшысы, төраға орынбасары қызметін абыроймен атқарды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде қаржы-салық саласы қалай қалыптасқанын жалпы халық біле қоймас. Дегенмен осы салада қызмет еткендердің есінде, алғашқы ұйымдастыру жұмыстары, мамандар даярлау, құжаттар айналымы оңай болмады. Қазіргідей электронды есептілік болған жоқ, әрбір салық көрсеткіштері қағаз бетінде қатталатын.
Қамбарбек Мүбәраков жақсы әкеден тәлім алған, кеңпейіл, көпшіл адам еді. Өз ісін жан-жақты білетін, нарық талабын терең меңгерген, тәжірибесі мол, қаржы-салық саласының майталман маманы болатын. Салық саласында қызмет атқарған уақытында ұжымның ауызбірлігін сақтап, қарамағындағы үлкен-кіші мамандармен әділ қарым-қатынас орната білді. Жалпы өмірінің 30 жылын қаржы, салық саласында өткеріпті. Сондықтан оның жарқын бейнесі, жақсы істері жадымызда сақталып қалды.
Қаржы-салық саласының бірегей маманы Қамбарбек Амангелдіұлының облыс экономикасының өсіп-өркендеуінде елеулі еңбегі бар. Оны қызмет саласында үзеңгілес жүрген әріптестері, дос-жарандары жақсы біледі. Өкініштісі, азаматтың өмірден ертерек өткені. Енді оның жақсы істері тек осындай естеліктерге ғана арқау болмақ.
Дайрабай ЫСҚАҚОВ,
салық жүйесінің ардагері





