Қызылорда қаласындағы «Қаламгерлер аллеясында» «Қызылорда – оқитын қала» атты кітап жәрмеңкесі мен сатылым акциясы өтті.
Қала күні аясында ұйымдастырылған шараға «Мазмұндама» баспа үйі, «Kitap al» кітап дүкені, «Отбасы хрестоматиясы», Мұстафа Шоқай баспа үйлері, сондай-ақ қызылордалық оқу орындары мен қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты барлық кітапхана қатысты. Көрмеден жергілікті ақын-жазушылардың туындылары да орын алды.
«Кітап құрттары» клубының негізін қалаушы Талғат Меңдібай мен әскери қызметкер Шыңғыс Сейдахметов жеке кітапханасындағы кітап қорын таныстырды. Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының көрмесі мен «Жастар кітап оқиды» бұрышы жасақталды. Ондағы сөреге жас оқырмандар оқитын кітаптар қойылды.
Фестивальдің ашылуына Парламент Сенатының депутаттары Н.Байқадамов, Р.Рүстемов, Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов қатысты. Іс-шарада сала үздіктері марапатталды.
«Үздік оқырман» болып Нұрбол Сұлтан атанса, «Үздік кітапханашы» аталымын №18 кітапхананың қызметкері Зәуре Әлішева иемденді. Ал «Үздік кітапхана» болып Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы танылды. Жеке кітапхана иесі Шыңғыс Сейдахметов те марапат төрінен көрінді.
Іс-шараға жиналғандар кітап көрмесін тамашалады. Балалар кітапханасының тұрақты оқырмандары, «Бөбек» балабақшасының бүлдіршіндері «Адасқан құмырсқа» ертегісінен үзінді қойды.
Фестивальда «Kitap al» дүкені жәрмеңкеде 60-тан астам кітапты сатылымға шығарды. Шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелерінің қатысушылары да тартысты жарыс өткізді.
Кітап жәрмеңкесінің ең жас оқырманы Айсұлтан Русланұлы болды. Ол – қаладағы Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің 5-сынып оқушысы. Балалар әдебиеті, оның ішінде балалар жазушысы Б.Соқпақбаевтың туындыларын сүйіп оқиды. Жас оқырман көрмеден өзіне ұнаған кітабын сатып алды.
Мұнан әрі кітап көрмесі «Кітап қала – 2024» атты әдеби-музыкалық мерекелік кешпен жалғасты. Жас өнерпаздар ән салып, кітап туралы өлеңдерді нақышына келтіре оқыды.
Биыл дәстүрлі көрмеге келушілер көп болды. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған шара жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар көрмеден ерекше әсер алғанын айтып тарқасты.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<