Рамазан – игілік, береке, кешірім, мейірім және қайырымдылық айы. Осы қасиетті айда күллі мұсылман қауымы ауыз бекітіп, сауапты істерді, қайырымдылық шараларын молынан жасайды. Өйткені «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген бұрыннан қалыптасқан қағида бар. Адамның адамға деген таза ниетін, ізгі қарым-қатынасын көрсететін осындай іс-шаралар көбірек ұйымдастырылса екен деп ойлайсың.
Сырдария ауданы Шіркейлі ауылындағы Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейі білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесіне «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын біріктіру бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруда. Жобаның мақсаты – әлеуметтік топтағы барлық адамдармен қарым-қатынас орнату, мейірімділік, адамгершілік қасиетті дамыту.
Рамазан айы басталысымен мектеп ұжымы «Жақсылық керуені» қайырымдылық акциясын қолға алып, Қызылордадағы «Қарттар үйіне», Талсуаттағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығына және ауылдағы көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға арнап азық-түлік себеттерін таратты. Мектеп ұжымы сауабы мол іске атсалысуды азаматтық парыз деп ұғынып, акцияны бірауыздан қолдады. Бір адамның қолынан келмейтін ауқымды бастаманы ауызбірліктің арқасында атқарып шықты.
Мектеп мұғалімдері мен оқушылары концерт ұйымдастырып, көрерменді қуанышқа бөледі. Жүректегі мейірім мен ізгілік шуағы адамдарды бір-біріне жақындастыра түсті. Қариялар батасын беріп, мектеп ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Орталықтағы балалар бірге ән шырқап, би билеп ризашылық білдірді.
Ақсәуле ЕСЕНХОЖАЕВА,
№129 мектеп-лицейі мұғалімі.
Сырдария ауданы





