Жақсының ісі жаңғыра береді

104

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында Сыр журналистикасында өзіндік қолтаңбасы қалған белгілі қаламгер Әділхан Бәйменнің туғанына 80 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Оған қаламгердің әріптестері, замандастары, шәкірттері, туыстары мен балалары қатысып, естеліктер айтылды.

Жалағаш ауданы Қаракеткен ауылында дүниеге келген Әділхан Бәймен жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Қазақ радиосында редактор қызметінде еңбек жолын бастады. Одан кейінгі өмір жолы Сыр өңірінде жалғасты. Облыстық партия комитетінде баспасөз жөніндегі нұсқаушы, облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, облыстық тіл басқармасының бастығы қызметін атқарды. 1994 жылы өңірдегі ең алғашқы тәуелсіз басылым – «Ақмешіт апталығы» газетінің тұсауын кесіп, 2004 жылы өмірден өткенше басшылық жасады.

– Әділхан ағамыздың азаматтық позициясы, ұстанған адами принципі жоғары болатын. Болмыс-бітімі, тұлғасы, кез келген адамға ізет көрсетуі үлгі боларлықтай жан еді. Қашанда әріптестерінің жетістігіне қуанып, өзінің тілектестігін білдіріп жүретін. Ол кісімен жақын араласып, бір-бірімізге сыйластық көрсеттік. Сөздің қадірін, этимологиясын жақсы білетін. Оны ізінен ерген шәкірттеріне үнемі үйретіп отыратын еді. Әрбір жазылған мақаланың мәнді болуын қадағалайтын. Осылайша көпшілікке тартымды дүние ұсынуға тырысатын. Адамгершілігі жоғары азамат шәкірт дайындау ісіне де белсене атсалысты, – деді сала ардагері Жағыппар Қарабала.

Руханият саласына да сіңірген еңбегі туралы Асылбек Жұмабаев та пайымды пікір айтты.

– Облыстық партия комитетінде нұсқаушы қызметін атқарған кезде Әділхан Бәйменнің басшылығымен көптеген іс-шаралар жүзеге асты. Ол кезеңде баспасөз саласына ерекше мән берілетін. Бұл жауапты жұмысты атқаруда оның іскерлік, ұйымдастырушылық, жауапкершілік қасиеті  ерекше байқалғанын айта кеткеніміз абзал, – деді ол.

Еске алу шарасында Әділхан Бәйменмен бірге қызмет атқарған Нұрлан Көбегенұлы, Нұржан Оспанов, Қаламқас Кенесариева, Талғат Дәужігітов және туыстары естеліктерін бөлісті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<