Жарқ еткен жасындай жырлары

1240

0

Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және  «Шіркейлі» ауылдық округі әкімі аппаратының қолдауымен «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Қалтай Мұхамеджанов атындағы ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен белгілі ақын Нұрмұхаммед  Әбілқасымовтың  шығармашылығына  арналған «Мен өмірді сүйемін пәк жүрекпен» атты облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің  байқауы болып өтті.

Байқаудың бірінші бөлімі бойынша «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Сұхбат тайм» жобасы аясында «Ең алғашқы…» тақырыбында кейіпкермен қызықты сұхбат жүргізілді. Мұнан кейін жеткен жетістіктері, алған асулары негізінде «Креативті хаб» жобасы бойынша дайындалған арнайы бұрыш таныстырылды.

«Арт уақыт» жобасы аясында шахматшылар турнирі ұйымдастырылды. Турнирге 8 талапкер қатысып, нәтижесінде І орынды Кеңесов Нұрислам, ІІ орынды Рашид Байдәулет, ІІІ орынды Үсенұлы Байдәулет иеленді.

Байқау «Тағдырмен ымыра…» тақырыбындағы прологпен ашылды. Мұнан кейін ауыл әкімі Т.Құламқадіров облыс әкімінің құттықтау хатын табыстады. Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің міндетін атқарушы Жеңіс Үсенұлы, «Мәді қажы» ЖШС директоры Ж.Нұрымбетов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Нұрмұхаммед Әбілқасымов – Сырдария ауданының құрметті азаматы, Б.Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісінің иегері, «Шабыт» жастар фестивалінің дипломанты, «Алтын қауырсын» номинациясының лауреаты, «Жаншуақ» қоғамдық сыйлығының, «Тұран» сыйлығының иегері, шахматтан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында облыс жеңімпазы, облыс әкімінің стипендианты, «Тасжарған», «Тағдырымның жанары» кітаптарының авторы. «Бойым – ауру, ойым – сау» деп тағдырға тік қарайтын ақын өлеңдері   оқушысына рух қуатын сыйлайды, өмірді сүюге үндейді.

Байқауда оқылған осы мазмұндағы жыр шумақтары жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Сайыс қорытындысы бойынша «Мәді қажы» ЖШС демеуші болған бас жүлде тағдырлы өлеңді жүрек үнімен жеткізген қармақшылық Гүлфариза Шакароваға бұйырды. І орын қазалылық Бекжан Нұрманға, ІІ орын шіркейлілік Нұрсұлтан Құдайбергеновке, ІІІ орын ақынның тағы бір ауылдасы Дияс Асанов пен Шиеліден келген Сафуан Көрегеновке тиесілі болды.

Байқауға Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы,   Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұхамбетқалиқызы, «Дала дидары» халықтық мәдени-үгіт бригадасының жетекшісі Думан Көшекбаев қазылық жасады.

Байқау соңында ақынның әкесі, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанатбек Әбілқасымов шараны ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс білдірді.

Д.БЕРКІНБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<