Жарқыраған жарығы, көше сондай жағымды

118

0

Сырым батыр – Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіндегі іргелі көшенің бірі. Көше бойындағы жапырағы желмен жайқалған көлеңкелі талдарға жеткізілген аяқсу, қалың төселген асфальт мұндағы шаруақор тірлікті паш еткендей. Жуырда аталған көше тұрғындарын серпілткен тағы бір игілікті іс жүзеге асты. Бұл – түнгі жарықтың іске қосылуы болатын. Самаладай жарқыраған көшенің түнгі келбеті жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруына қолайлы жағдай қалыптастырды.

– Жақында өзіміз тұратын Сырым батыр көшесіне жарық жүргізіліп, бәріміз қуанып қалдық. Түнгі көшеміздің жарығы маңайына әдемі сән беріп тұр. Алдағы күзгі-қысқы мезгілдерде күн қысқарып, қараңғылық тез қою болатыны белгілі. Бұл әсіресе мектеп жасындағы балалардың сабаққа барып-қайтуына елеулі қиындық келтіруші еді. Қараңғы көше бойымен жүретін оқушы балаларымыз үшін қатты алаңдайтынбыз. Енді осынау түйінді түйткіл шешімін тапты. Қазір көшеміздің жағдайы өте жақсы. Ауызсу, аяқсу жүргізілген. «Көгілдір отын» игілігін көріп отырмыз. Жол теп-тегіс асфальтталған. Баршасы замана талабына сай. Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген ел азаматтарына айтар алғысым шексіз, – дейді көше тұрғыны, білікті педагог Орынкүл Шүйіншалиева.

– Әйтеке би кентінде 220 көше бар. Жалпы, 90 көше 2093 дана түнгі жарықшамдармен қамтамасыз етілген. Оның ішінде светодиодты жарықшамдар саны 1028 дана болса, «РКУ-ЖКУ» маркалы жарықшамдар саны 1065 дананы құрайды.

2024 жылы түнгі жарықшамдарды күтіп-ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстарын  мемлекеттік сатып алу келісім-шарты арқылы «Энергиянұр» ЖШС атқаруда. Сондай-ақ кент әкімдігі мамандары тарапынан түнгі жарықшамдарға күнделікті визуалды тексеру жұмыстары жүргізіліп, анықталған ақауларға сәйкес акт жасалып, тиісті мердігер мекемеге қайта қалпына келтіру жөнінде тапсырмалар беріліп отырады. Соған сәйкес, кент көшелеріндегі түнгі жарықшамдарда анықталған ақауларды жою мердігерлер тарапынан кезектілігімен қалпына келтірілуде.

Жыл басынан бері бюджеттен бөлінген қаржыға сәйкес С.Сейфуллин (650 м), А.Ізбакишев (1300 м), Сырым батыр (1 км), М.Дулатов көшелеріне (350 м) және Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектеп жанына (100 м) светодиодты жарықшамдар орнату жұмыстары атқарылды.

Сонымен қатар биыл Біржан сал, Привокзальная, Қ.Сәтбаев, С.Сейфуллин, Төле би, Үмбет би, М.Жұмабаев, Ә.Молдағұлова, С.Жәрімбетов, М.Шоқай, Әйтеке би көшелеріне түнгі жарықшамдар орнату жұмыстары жоспарлануда, – дейді мамандар.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы».

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<