Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады.
Мемлекет басшысына өткен жартыжылдықта сот жүйесінің атқарған жұмысының қорытындылары туралы мәлімет берілді.
Асламбек Мерғалиев қылмыстық процестегі тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидатын жүзеге асыруға, қамауға алудың баламалы жолы ретінде бұлтартпау шараларын қолдану аясын кеңейтуге, сот ісін жүргізуді бюрократиядан арылтуға, біріздендіруге және оның ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық бастамалар туралы айтты.
Сонымен қатар Президентке ювеналды соттардың құзыретін кеңейту және сот актісінің күші жойылған кезде істі бірінші сатыдағы сотқа қайтармай, апелляцияның тиісті шешім қабылдауы туралы процессуалдық нормаларды дұрыс қолдану жөнінде баяндалды. Бұл жаңа нормалар қағазбастылықты, судьяның қателік жіберу жағдайларын азайтып, азаматтардың бұзылған құқығын тез арада қалпына келтіруге оң септігін тигізуге тиіс.
Мемлекет басшысы адам құқықтарының сотта қорғалуын қамтамасыз ету қажеттігіне және әділ сот жүйесіне сенімді арттыратын негізгі фактор ретінде соттардың тәуелсіздігіне айрықша назар аударды.
Ұлттық банк төрағасын қабылдады
Президент Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады.
Мемлекет басшысына Ұлттық банктің биылғы бірінші жартыжылдықта жүзеге асырған ақша-кредит саясатының алдын ала қорытындылары жөнінде есеп берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлемдегі және Қазақстандағы экономикалық ахуал, инфляция факторлары мен оны төмендету үшін қабылданып жатқан шаралар, төлем балансының динамикасы, сондай-ақ БЖЗҚ, Ұлттық қор активтері мен алтын-валюта резервтерінің жай-күйі туралы баяндалды.
Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, Ұлттық банк қабылдаған шаралардың нәтижесінде инфляция бәсеңдеп келеді және банк болжамына сай қалыптасып отыр.
Сонымен қатар Президентке Ашық банкинг тұжырымдамасын қолданысқа енгізу және төлем нарығын реттеу мәселелері жөнінде мәлімет берілді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы ақша-кредит саясатын тиімді іске асыруға бағытталған міндеттер жүктеді.
Қор қызметінің нәтижесі мен жоспары
Мемлекет басшысы University Medical Center корпоративтік қорының басқарма төрағасы Юрий Пяны қабылдады.
Президентке University Medical Center корпоративтік қоры қызметінің нәтижесі мен алдағы жоспары туралы баяндалды.
Мемлекет басшысына мекеме негізінде алғашқы Интеграцияланған академиялық медициналық орталық құру арқылы UMC-ді трансформациялау барысы туралы мәлімет берілді. Негізгі мақсат – білім беру, зерттеу ісін және клиникалық тәжірибені тоғыстыра отырып, медициналық қызмет сапасын жақсарту.
Юрий Пя Қасым-Жомарт Тоқаевқа заман талабына сай дәрігерлерді даярлау үшін Қордың жүзеге асырып жатқан шаралары туралы айтты. Сондай-ақ еліміздегі медициналық білім беру ісін жетілдіру перспективалары туралы көзқарасын жеткізді.
Кездесу барысында отандық денсаулық сақтау жүйесінің түйткілді мәселелері, соның ішінде қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалану және Қазақстанда медициналық көмек көрсету сапасын арттыру шаралары талқыланды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<