«Балалар жылы» аясында Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйінде Сыр елінің бас ақыны атанған Махамбетқали Тұрсановтың 85 жылдығына орай «Жарқылдап өткен алдаспан, Махамбетқали марқасқам» атты облыстық оқушылар айтысы болып өтті.
Айтыс шымылдығы ақын Талғат Күзембаевтың арнау өлеңімен ашылды.
Аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, М.Тұрсановтың айтыс өнеріндегі, жас айтыскерлерді тәрбиелеудегі еңбегіне тоқталды. «Ауданда Маханбетқали мектебінен шыққан елімізге есімі жақсы таныс ақындар бар. Ал, бүгінгі талапкерлер – солардың жалғасы. Бұл ұрпақ сабақтастығы үзілмек емес», – деді ол. Сондай-ақ, алдағы уақытта Бәйгеқұм елді мекеніндегі мәдениет үйіне ақынның есімі берілетінін еске салды.
Мұнан соң ақынның ұлы, белгілі емші Нартай Тұрсанов пен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Дүйсенбек Аяшұлы сөз алып, жас ақындарға бас ақынның жолын тіледі.
Айтысқа іріктелген он ақын қатысты. Бұрын көрініп жүрген айтыскерлермен қатар, сөз ұстап, сахнаға алғаш шыққан талапкерлер де болды. Әлі мектеп қабырғасында жүрген балалардың сөз өнеріне деген жауаптылықтары мен құштарлықтары қызықтырады. Бүгін біз сөз жоқ, бұл жастардың арасынан болашақ жақсы айтыскер ақындардың шығатынына шүбә келтірмедік.
Кенжебай Жүсіпов, Рахматулла Жолтаев, Бекжан Ержігіт секілді белгілі ақындар қазылық еткен айтыс қорытындысында Шиелі ауданындағы №45 «Ақорда» мектеп-гимназиясының биылғы түлегі Елдар Әмірхан бас бәйгені жеңіп алды. Жүлделі 1-орынды №206 «Жиделіарық» қазақ орта мектебінің 10-сынып оқушысы Ділназ Ержігіт егеленді. Екі 2-орын Жаңақорған ауданынан келген мектеп оқушысы Мұхамедали Абдуллаев пен Қызылорда қаласының талапкері Ұлықбек Бектайға берілді. Ал, екі 3-орын шиелілік 8-сынып оқушысы Олжас Азатжанұлы мен қызылордалық Біржан Сандыбайға бұйырды.
Мұнан бөлек Нартай Бекежанов атындағы арнайы жүлде Арал ауданынан келген мектеп оқушысы Ерасыл Сейітжанұлына, Шахмардан Есенов атындағы арнайы жүлде қызылордалық талапкер Нұржігіт Бихожаға, Құрманбек Бекпейісов атындағы арнайы жүлде қазалылық Өміртай Есебайға, Әбдіманап Шорабаев атындағы жүлде қармақшылық Ердәулет Орынбасарға тиесілі болды.
«Арман» мәдениет үйі (директоры Нұргүл Шалекеева) мен белгілі айтыскер Ержан Әміров ұйымдастырған шарада Айбек Тәңірбергенов, Өміржан Мінуаров, Бибінұр Мұқтарқызы, Дана Мусиева, Меруерт Дүйсебай сияқты белгілі өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.
Айтысқа М.Тұрсановтың ұрпақтары мен аудан кәсіпкерлері демеушілік жасады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<