Жас ақынның жан-дүние сыры

1165

0

Қазақ өлеңіне қадам басқан талантты жастардың бірі қызылордалық ақын Мақсат Дауылбайдың «Шер» атты шығармашылық кеші өтті. А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде өткен ақын кешінің шымылдығы моно-спектакль жанрындағы көріністермен басталды.

Қоғам өміріндегі әртүрлі тосын оқиғаларды кескіндей білген ақын өлеңдерін Н.Бекежанов атындағы академиялық драма театрының актерлары, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Зәлипа Төлепова, Бақытбек Темірбеков, Ұғым Баймаханов және жастар, студенттер театрларының актерлары оқып, сахналады.

Ақын кешіне қатысқан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, шығармашылық табыс тіледі. Ал қала әкімінің игі тілектерін қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова жеткізді.

Сонымен бірге Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, әнші-композитор Елена Әбдіхалықова, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Қатира Жәленова секілді кеш қонақтары сөз сөйлеп, жас талантқа жылы лебіздерін арнады.

Ал ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші-композитор Индира Елубаева автордың лирикалық сарындағы өлеңіне жазған әнінің тұсауын кесті.

Біздің киелі өңіріміз – өнер қонған жер. Қызылорда дарынды ақындар галереясы секілді. Асқар, Әбділда, Зейнолла, Қомшабай ақындардан бастап қазақ поэзиясына мол қазына қосқан Әскербек Рахымбекұлы, Жарасқан Әбдірашев, Сейфулла Оспанов, Иран-Ғайып, Асқар Кіребаев, Ибрагим Исаев, Мәди Қайыңбаев, Шәкизада Әбдікәрімов секілді атақты ақындардың бәрі де – Сыр елінің перзенттері. Алдыңғылардың арқауы болған кейінгі буынның ішінен Мақсат Дауылбайдың да аты дара естіледі.

Ол әр жылдарда облыстық филармонияда, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық орталығында, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтында еңбек етті, облыстық кәсіподақтар орталығының «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы болды.

Облыстық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры болып қызмет атқарды.

Мақсатты замандастары, ең алдымен, ақын, өнерпаз есебінде жақсы  таниды. Жаңашыл бастамалар көтеріп, азаматтық және қоғамдық белсенділік көрсеткені үшін оған «Самғау»  жастар сыйлығы берілді.

Мақсат Дауылбай – «Ғұмырдария» шығармашылық фестивалінің күміс жүлдегері, республикалық «Ғани – мәңгі жастық» жыр мүшәйрасының лауреаты, «Астана –  асқақ ордам» жыр мүшәйрасының бас жүлдегері, Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «поэзия» жанры бойынша дипломанты.

Шығармашылық кеш Мақсат Дауылбайдың халық алдындағы өзіне берген есебі іспетті. Хакім Абай «Есті кісілердің қатарында болғың келсе, өзіңе есеп бер» деген.

Әсерлі кешті сахналаған – ҚР Мәдениет саласының үздігі, режиссер Әзиза Іздіқұлова.

Біз бүгін жас ақынның екі өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«СБ» ақпарат

Бақас тірлік

Бақас тірлік, бабы – шен, бағы – пұл сұм,

Бұлай атқан тірліктің таңы құрсын!

Мүмкін былай:

«Өзеуреп есті біткен,

Жүйрік қалсын!

Мәреге жабы кірсін…»

Деген қарғыс тиген бе ғаламға осы,

О, замана, бейнең де, бағаң да осы…

Қай қорымға көмілді әділдік пен

Адалдықтың ақ семсер, ақ алмасы?!

Кежір қылық, көр өре, теріс пиғыл,

Оңды-солды өтірік өрістей жүр.

Жұтаң кезең:

Бітіспес дұшпанды қой,

Достың күні өтпейді керіспей бір.

Шекпен жарыс, адамнан тайған арман,

Бұл пиғылды пенделер қайдан алған?

Естілер жүр жығылып, жылап-сықтап,

Аяқ алып жүре алмай айлалардан.

Құлақтарда бос үндеу, бос ұрандар,

Жанның көбі жігерсіз, жасығандар.

Жасамыстың көбісі сұрап алған,

Мағынасыз мақтауға тасығандар.

Шамаң жетсе жаттанба, бас күмәнді,

(Тастығымен жеңеді тас бұларды…)

Жал тірліктің боп жүрген «ең жаманы»,

Жақсыларды аяймын, жақсыларды…

Қашан, қашан бітеді күндік ырбаң?!

Жалықтырды жоралар мың құбылған.

Шыж-быжымнан емес-ау, шыр-шыр еткен,

Шындығымнан қорқамын, шындығымнан!

Ешкім жоқ

Ешкім жоқ, ешкім, ешкім жоқ,

Естінің бәрі ескірмек!

Қол бұлғайтын да ешкім жоқ,

Құбыла тұстан кескін боп.

Қиыршық кілең, жоқ асыл!

Айтар да жан жоқ тоба, сыр…

Дертіңе дауа іздесең,

Жарлылар байғұс жанашыр,

Пұлдының жүзі – ала, сұр!

Атымтай да жоқ, ар да жоқ,

Сүйемейді ешкім самға деп…

Жанымды күн боп жылытар,

Жер-дүниеде қалмады от.

Қартының жүзі қуақы,

Шендінің шенеу – шын аты!

Қалталарында шыңғырып,

Шырқырап жатыр кіл ақы…

Жалбақайланған адамдар,

Кілең ақылы қадамдар.

Иықтарында алыптың,

Сүмірейіп тұр обалдар!

Ғаламның үні – одалар,

Еңіреп жатыр далалар!

Бедірейіп тұр бейіттер,

Едірейіп тұр молалар!

Мақсат ДАУЫЛБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<