Жас кәсіпкер түрлі-түсті құрт жасап, кәсібін дөңгелетіп отыр

807

0

Кезекті кейіпкеріміз Қызылорда қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Қалмағамбет заман талабына сай түрлі-түсті құрт жасап, кәсібін дөңгелетуде. Қазіргі таңда ешқандай химиялық коспасыз таза табиғи түрлі түсті құрттың 6 түрін жасауда.

Кәсіпкер қазақтың қасиетті тағамдарынның бірі – құртты заманауи негізде жасауды көптен бері армандап жүретін. Айтуынша, құртты дайындау үшін бірнеше күн уақыты кетеді. Сүтті құртқа айналдыру үшін бірқатар ереже мен тәртіпті сақтау керек. Мәселен, ақ құрт жасауға шикі сүт керек. Ал оның ақ құрт аталу себебі оған тұз көбірек қосылады.

– Жалпы, бұл құрттар барлық қалаларда үлкен сұранысқа ие екен. Шынымды айтсам, жарты жылдай ойдың жетегінде жүрдім. «Қалай болар екен?», «Тұтынушыларға ұнай ма?» деген сауалдар санамды жаулап алды. Дегенмен, ол уайымдардың барлығы артта қалды. Қазір сатылым жақсы. Басқа қалалардан алуға тапсырыстар көп келеді. Осы кәсібіме атау беріп, айтпақшы, құрттарымыз «Qurtella» брендімен шығады, қазіргі таңда күніне 500 кг өндіреміз. Осы кәсіпті 15 мың теңгемен бастағанмын. Сұраныс көбейе түскесін арнайы жабдық сатып алдық. Біздің басты мақсатымыз –ұлттық тағамдарды таныстырып, олардың ерекшеліктерін, пайдасын жастарға насихаттау, – деген Н.Қалмағамбет арман-мақсатымен де бөлісті.

Жас болса да, үрдісті жаңғыртып, батыл қадамға барып отырған кейіпкеріміздің бастамасы көпті қуантып келеді. Дәмі тіл үйірер дәмнен ауыз тиген тұрғындардан тапсырыс көбейе бастағанда ата кәсіпке деген құштарлығы арта түскен. Бүгінде жас кәсіпкердің алдағы мақсаты осы кәсіпкерлігін кеңейтіп, шикізат сатып алмау үшін сиырларды сатып алуды жоспарлап отыр.

Қызылорда облысының кәсіпкерлік

және өнеркәсіп басқармасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<