Жас оқырман жадындағы қаламгер

1234

0

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде белгілі журналист, жазушы, ақын Қази Данабаевтың 70 жылдығына арналған «Рухани болмысты жаңғырту – ұрпақ ұлағаты» тақырыбында дәстүрлі ділмар-шешендер байқауы өтті.

Шараны қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов ашып, қаламгер шығармашылығына арналған облыстық байқаудың мақсатына кеңірек тоқталды.

– Қазіргі күні ақпараттың ағымы кең, көркем әдебиеттің қоры мол. Әйтсе де оқығанын ойымен байытып, жүйелі әңгіме айта алатын жастар жоқтың қасы. Сол себепті сөз қадірін білетін ұстаздардың бастамасымен екі-үш жыл көлемінде мектеп оқушылары арасында ділмәр-шешендер байқауы өткізіліп келеді.

Бүгінгі шара қазақ еліне есімі белгілі қаламгер, жазушы, ақын Қази Данабаевтың шығармашылығына арналды. Бұл кісінің азаматтық болмысына, шығармашылықтағы ерекше таланты мен елеулі еңбегіне  қазақтың Ж.Шаштайұлы, Ф.Оңғарысынова, Қ.Жиенбай сынды қабырғалы қаламгерлері жоғары баға берген болатын.   Жас оқырмандардың жүрек түкпірінен орын алған жазушының рухани болмысы жаңғырып, көркем туындыларының бағасы одан әрі биіктей түсеріне сенімдіміз, – деді М.Ниязов.

Осылайша байқау басталды. Оған облыс аумағынан он екі оқушы қатысып, бағын сынады. Жас оқырмандар жазушының алғашқы кітабы «Гүлдәурен» жинағындағы балаларға арналған әңгімелер мен ертегілерді айтып беріп, оқиғаның түпкі мән-мағынасына бойлауға тырысты. Шынында, адамгершілік, ар-ынсап, аманатқа деген адалдық, қарапайым еңбек етудегі  жауапкершілік пен сенім қасиеттеріне баулитын  шығармалар оқушыларға ой салғаны байқалды. Қорытындысында Қ.Данабаевтың бауыры Көлбай Данабаевтың арнайы жүлдесімен Мирас Қайратұлы (Сырдария ауданынан), жазушының туысы Н.Мереев әулетінің арнайы жүлдесімен Бақдәулет Шайдулла (Қызылорда қаласы) марапатталса, ІІІ орынды Айару Серік (Қызылорда), ІІ орынды Талғат Бақытжан (Қызылорда), бірінші орынды Нұрайым Әбілдақызы (Шиелі ауданы), бас жүлдені Сая Амангелді (Арал ауданы) иеленді. Қатысушы Нұрай Толысбай мен Арайлым Арықбаеваға арнайы жүлделер табысталды.

Байқауға белгілі ақын Мамыр Байдәулетов, ұстаз, ғалым, балалар жазушысы Рахат Наурызбаева және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы қазылық етті. Қазылардың айтуынша, жыл өткен сайын балалардың көркем әдебиетке деген құштарлығы арта түскен. Әрқайсысы оқиға мазмұнын өз бетінше түйсінуге талпынған. Алайда әңгіменің сабағын үзбей мәнерлеп айтуға келгенде, әлі де ізденістің қажет екені рас.

Қази Данабаев Арал ауданы, Қарақұм ауылының тумасы. Жастайынан жазу-сызуға жақын болатын. Сол кездегі Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын туған ауылында, өзі оқыған мектепте мұғалім болудан бастады. Облыстық телерадио компаниясында біраз жыл қызмет атқарды.

Қаламгер Қази Соңғыбайұлының шабытты шағы  облыстық «Сыр бойы» газетінің қабырғасында өтті. Облыстық газеттің тілшісі, руханият бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың кеңесшісі, редакция алқасының мүшесі болып қызмет атқарған ол бірнеше мәрте облыстың үздік журналисі атанды. Сондай-ақ, М.Шоқай атындағы сыйлықтың лауреаты, облыс әкімінің 2006 жылғы стипендианты.

Қази Данабаевтың қазақ журналистикасынан бөлек, көркем әдебиет саласында көрнекті қолтаңбасы бар. Жазушының қаламынан туған «Гүлдәурен», «Ақ кептер» хикаяттары кітап болып басылды. Одан бөлек, тұңғыш өлеңдері «Көктем тынысы», «Дария жыры» жинақтарына енді. Қаламгердің Сыр елінің танымал тұлғалары жайлы жазған оншақты деректі кітаптары да оқырман ойынан шықты. Осындай сүбелі еңбектерімен республикалық «Жалын» баспасының жабық жүлдесін екі мәрте жеңіп алды. Бертін келе, яғни 2008 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясымен «Сағыныш екен бала кез» атты шығармалар жинағы көлемді кітап болып шықты. Бұл кітапта жазушының әңгімелері, хикаялары, ертегілері және өлеңдері жинақталған.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<