Қызылорда облысы Жастар ресурстық орталығында «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының «Жас сарбаз – жаңа белес» атты іс-шара өтті.
2022 жылды қорытындылайтын іс-шараға Жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілес, «Қарулы күштердің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы, Қарулы күштердің құрметті ардагері Мыңділда Ршауов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Алмат Жақыпов пен «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы, Республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Әкімжан Төлебай және қоғам өкілдері, арнайы қонақтар қатысты.
Республика және облыс көлемінде жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы ауқымды істер атқарып келеді. Тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолындағы жастардың бойына сіңіріп жүрген патриоттық, батырлық және еліне, жеріне адал болу сияқты қасиеттерінің дамуына әскери қызметшілеріміз бен Қарулы күштер ардагерлерінің де қосқан үлесі зор.
Іс-шара барысында Сыр еліндегі әскери-патриоттық бағыттың дамуы мен патриоттық тәрбиелеуге үлес қосқан, ерекше қолдау білдірген бірқатар азаматтар «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хатпен» марапатталды. Жыл бойына көптеген әскери сайыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, биік шыңдардан көрінген «Жас сарбаз» қозғалысының үздік тәрбиеленушілеріне де арнайы Алғыс хат табысталды.
Іс-шара соңы жас өнерпаздармен талантты жастардың өз өнерлерімен тәнті еткен концерттік бағдарламасына ұласты.
Мұхит Қонаров,
Қызылорда гарнизоны
баспасөз қызметінің
бастығы, лейтенант
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<