Әскерге шақыру жалғасуда

544

0

Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру аясында Сыр елінен 700-ге жуық жас сарбаз әскерге аттанады. Әскерге баратын азаматтарды таңдау барысында әдеттегідей денсаулық жағдайы ескеріледі. Шақыру медициналық комиссия, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жүзеге асырылады.

Денсаулығы мықты, дене бітімі шыныққан, сауатты, моральдық-іскерлік қабілеті жоғары азаматтар Қарулы Күштер қатарында, Шекара қызметінде, Ұлттық Ұлан және Мемлекеттік Күзет қызметінде борышын өтейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті жасақтау басқармасының бөлім басшысы, подполковник Жасұлан Шанқұлов айтты.

– Қорғаныс ведомствосының еліміздің қырықтан астам жоғары оқу орынымен жасалған келісімдері бойынша Отан алдындағы борышын өтеген жастар әскерден кейін екі жыл ішінде жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ түсе алады. Бастысы үздік әскери азаматтар жоғары оқу орындарында енді тегін оқитын болады. Сондай-ақ, әскери кафедраға конкурстан тыс түсуге де мүмкіндік беріледі, – деді ол.

Бүгінде өңірде Қарулы Күштер және басқа да әскери құрылымдардың қатарын толықтыруға ниет білдірушілер саны артып келеді. Кәсібі, жоғары білімі бар азаматтар жақсы нәтиже көрсету арқылы келісім-шарт бойынша әскери қызметке орналаса алады.

– Президент Жарлығына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың шақыру пункттерінде қалалық және аудандық шақыру комиссияларының жұмысы ұйымдастырылды. Осы жылдың көктемінде Қарулы күштерге 300 адам, Ұлттық Ұланға 230, ҰҚК Шекара қызметіне 170, ал Мемлекеттік Күзет қызметіне 2 азамат шақырылады, – деді департамент бастығының орынбасары Алмат Жақыпов.

Көктемгі шақыру 30 маусымға дейін жалғасады.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<