Қызылорда гарнизонындағы әскери бөлімге ағымдағы жылдың көктемгі шақырылымында келген жас сарбаздар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып әскери ант қабылдады. Бұл жылғы салтанатты шараның бір ерекшелігі карантиндік шектеулерге байланысты ант қабылдаушылардың туған-туыстарының қатысуынсыз өтті.
Ант қабылдау рәсіміне Қызылорда гарнизоны бастығы подполковник Ербол Әбдірайым және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері қатысты.
Әскер қатарына шақырылғандар бір ай бойы дайындық курсы мен әскери қызметке бейімделу кезеңінен өтті. Аз уақыт ішіндегі дайындыққа қарамастан жас сарбаздар қарумен саптық қозғалыстар және қоян-қолтық ұрыстың элементтерін жоғары дәрежеде көрсете білді.
Салтанатты іс-шара барысында әскери ант қабылдау күнімен әскери бөлімнің командирі подполковник Ербол Әбдірайым құттықтап, Отан алдындағы борыштарын жоғарғы деңгейде атқарып, еліне, отбасына мақтанышпен оралуларына тілек білдірді. Сонымен қатар жас сарбаздардың ант қабылдау рәсіміне келген Ауған соғысының ардагері Қайраддин Баймаханов та жас сарбаздарға жігер беріп, еліміздің болашағы, Отанды қорғау жолында аянбай тер төгуге шақырды.
Әскери ант қабылдаған жас сарбаздар әскери өмірдің қыр-сырын үйреніп, машықтануда. Алдағы уақытта оларды жоғары жауынгерлік дайындық сабақтары мен оқу-жаттығулар, кәсіби дейгейлерін шыңдайтын кезеңдер күтіп тұр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<