Шиелі кентіндегі Бұдабай атындағы мәдениет үйінде халық жазушысы Әбділдә Тәжібаевтің 115 жылдығына және «Абай күніне» орай ұйымдастырылған «Сырдария» атты облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы болып өтті
Аталған шараға Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандарынан он бір үміткер қатысты. Бір сүйсінерлігі, бұл сайысқа негізінен жаңа талап жасөспірімдердің қызығушылық танытуы еді. Байқаудың шарты бойынша үміткерлер әуелі Ә.Тәжібаевтің бір өлеңін оқыса, екінші айналымда Абай Құнанбаевтың ғибраттарын жатқа айтудан сөз сайысына түсуі тиіс. Өнерпаздардың көркемсөз оқу сайысына мәдениет ардагері Исабек Байкенжеев, жазушы-журналист Нұрмахан Елтай және аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі Гүлхан Яхияева қазылық жасады.
Аудан тұрғындары мен аудан қонақтары тамашалаған көркемсөз оқушылардың сайысы қортындысында бас жүлдені шиелілік Мәдина Әзімхан иеленсе, бірінші тұғырға Сырдария ауданы, «Бесарық» ауылынан келген Шахназ Орынбасарқызы көтерілді. Ал жүлделі екінші орын жаңақорғандық 12 жасар Бексұлтан Ерсұлтанұлы мен Шиелі ауданы, «Алғабас» ауылының үміткері Еламан Кенжешке бұйырды. Үшінші сатыға аралдық Мерей Сәулебайқызы мен Шиелі ауданы, «Ортақшыл» ауылының тумасы Ерназар Қалиев табан тіреді. Оза шапқан жүйріктеріге сый-сияпат табысталды.
Жаңақорған ауданынан арнайы келген Рыскүл Лұқпанова: «Қазылар алқасы әділ шешім шығарып, байқау қатысушыларын лайықты бағалады деп ойлаймын. Менің ойымша Сырдария ауданынан келген өрімдей жас Шахназ деген қыз көп көңілінен шықты. Сахнаға шығуы, өз тақырыбын таңдауы, оны шеберлікпен орындауы расында жоғары деңгейде екен. Сондай-ақ Бексұлтан есімді баламыздың да өнері мәнді болды. Мен жанкүйер болған жастардың мәре төрінен көрінуіне риза болдым. Бұл – қазылар алқасының әділ сараптай білгенінің нәтижесі», – деді.
Байқау қортындысын мәдениет саласы ардагері, қазылар алқасының төрағасы И.Байкенжеев хабарлап, қатысушыларға алғыс білдірді.
Н.ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<