Жас жауынгерлер жеңіс тұғырында

409

0

«Айбын-2023» IX халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынынан І орын алған «Сыр айбындары» командасы өкілдерінің қатысуымен өңірлік коммуникациялар орталығында брифинг болды.

Онда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар бойынша орынбасары, подполковник Алмат Жақыпов, Арал ауданындағы Т.Шевченко атындағы №13 орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Ақылбек Өтегенов, команданың взвод командирі Мұхаммедхан Сейдбаттал қатысып, жас жауынгерлердің жеңісті сәттері жайлы баяндады.

– Сайыс 2015 жылдан бері дәстүрлі өткізіліп келеді. Жарыс алдында аудандық, облыстық іріктеу турын жасап, содан үздік атанған жастарды жасақтап апардық. Жарыс тартысты өткізілді.  Еліміздің 20 өңірі мен Әзербайжан және Өзбекстан Республикаларының әскери-патриоттық клубтарының үздік жастары қатысты.

– Алаштың анасы атанған Сыр елі – ақын-жыраулармен қатар, елін найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған батырлар да шыққан қасиетті мекен. Жалаңтөс пен Жанқожа сынды бабалардан бастау алатын батылдықтың сара жолы – өскелең ұрпаққа өнеге. Жеңімпаз жастарымыздың жарқын жолы соның дәлелі, – деді Алмат Жақыпов.

Барлығы он бағыт бойынша өткен сайыста жерлестіріміз жеке және топтық құрамда бақтарын сынап, жарыс қорытындысы бойынша жоғары дәрежелі дипломмен марапатталды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<