Жасай бер, қазақ елі!

1694

0

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында  Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың әндерін орындаушылардың І республикалық конкурсы өтті. Конкурсқа еліміздің барлық өңірінен жас әншілер қатысып, бақ сынады.

Шараны облыстық мәдениет басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов ашып, Сыр елінің талантты да қайраткер қызы Елена Әбдіхалықованың шығармашылығы өзіндік ерекшелігімен ел ішінде кең таралғанын атап өтті.

– Киелі Сыр өңірінен шыққан талай танымал тұлғалар қазақ өнері мен мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді. Сондай өнер өкілінің бірі де бірегейі– ақын, компазитор, әнші Елена Әбдіхалықова. Оның қаламынан туған ғажап дүниелер бүгін де, болашақта да халықпен бірге жасай береді. Бүгінгі конкурс арқылы да өрелі өнердің бағасы биіктей түседі, – деді А.Есжанов.

Жас әншілер Е.Әбдіхалықованың «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын», «Қош дерсің», «Қазақ елі» сияқты елге кең танылған әндерін шырқап, көрерменнің қошеметіне кенелді. Осылайша, екі кезеңде үш әннен орындаған  талапкерлер арасынан жеңімпаздар анықталды.

 Конкурсқа қатысушылардың өнеріне қазылар алқасы – Елена Әбдіхалықованың төрағалығымен, қазақ эстрадасының танымал әншілері Жұбаныш Жексен, Дәурен Сейтжанов баға берді.

Қорытындысымен, бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан Хайролда Мұратбек, І орынды Атырау облысынан Айбар Ғаниұлы, ІІ орынды Ақтөбе облысынан Нұртас Омаров жеңіп алды. Ал ІІІ орынды  Қызылорда облысынан Арайлым Маханбетжанова,  Маңғыстау облысынан  Аида Байгелова және Алматы қаласынан «Saz Men» триосы иеленді. Барлық қатысушылар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, жеңімпаз жас әншілер конкурстың қорытынды сәті – гала-концертте өнер көрсетеді. 

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<