Жасампаз елге сәулет пен дәулет жарасар

433

0

Кейінгі уақытта  өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын айшықтайтын тың бастамалар жүзеге асып жатыр. Оны облыс көлемінде, әсіресе, бас шаһарда бірінен соң бірі бой көтеріп жатқан заманауи әлеуметтік нысандардан, көп қабатты тұрғын үйлерден әрі халық хабардар болып отырған соны жобалардан тануға болады. Кеше де облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен  бірнеше әлеуметтік  маңызы бар іс-шара жалғасын тапты. Жаңа нысанның кірпіші қаланды, жедел жәрдем қызметіне көліктер беріліп, бірқатар тұрғындар баспаналы болды.

«Анаға тағзым » – айрықша бастама

Облыс басшысы алдымен белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен бастау алған «Анаға тағзым» орталығының құрылысымен танысып, кірпішін қалау рәсіміне қатысты.

Жасампаз елге сәулет пен дәулет жарасар

Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі орталық өңірдегі қыз-келіншектерге, жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді жаңғыртуға мол мүмкіндік бермек.

Іс-шарада облыс әкімі жаңа орталықтың Сыр елінде еңсе тіктеп, бой көтеруінің үлкен символикалық мәні барын айтты.

– Таяуда ғана ардагер ағаларымызбен бірге облыс орталығынан құны 3,7 млрд теңгеге Өнер орталығы,  1,6 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі Неке сарайы, 2,9 млрд теңгені құрайтын «Қан орталығының» құрылысын бастадық. 6-7 ай ішінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен 9 млрд теңгеге жуық қаражат тартылып, жаңа жобалар жүзеге асуда. Қоғамның игілігіне қызмет жасауды басты қағида еткен туған жерге жанашыр азамат, белгілі кәсіпкер Марат Базарбайұлы өңірімізде «Анаға тағзым» орталығын салуға ниет білдірді. Ана – тек отбасының берекесі ғана емес, елдің ынтымағы мен несібесіне тілекші, бірліктің ұйытқысы. Келешекте жас отбасылар мен кейінгі буын жастар бұл орталықтан рухани құндылықтар алады деп сенеміз. Барша Сыр халқы атынан шексіз алғысымды білдіремін, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жаңа нысанда қыз-келіншектерді сұлу да сымбатты болып жүруге үйрететін арнайы «сән мен сымбат» бөлмесі, тұрмыстық жағдай және қонақ күтуді үйрететін бөлме, сонымен қатар аруларға жан-жақты психологиялық көмектер беретін кабинеттер болады. Оған қоса, шығармашыл жандарға бағытталған әдебиет және поэзия, дизайн студиясы мен би орталығы және жас отбасыларға қызмет көрсету бөлмелері де ойластырылған.

Іс-шарада еңбек ардагері Дайрабай Ысқақов облыс әкімінің бастамасымен кейінгі уақытта облыс көлемінде атқарылып жатқан игі істерге ризашылығын білдіріп, азаматтарға ақ тілегін арнаса, батыр ана Сәкен Ағатаева ұлттық құндылықтарды дәріптеу ата-бабадан келе жатқан дәстүр, адами парыз екенін, осы орайда орталықтың жас аналарға, бойжеткендерге берері мол екенін айтып, жылы лебізін білдірді. 

Айта кету керек, Марат Дүйсенбаев жақында ғана елорда төрінде Мемлекет басшысының қолынан «Парасат» орденімен наградталды. Ол туған елге «100 игілікті іс» жоспары негізінде 100 отбасының баспаналы болуына ұйытқы болып, қуаныш  сыйласа, түрлі жетістіктерге жеткен және әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға 100 автокөлік тарту етті, 100 жастың отбасы құруына қаржылай қолдау көрсеткен. Меценат  – 30 жыл ішінде 12 млрд теңге қаржыны өңірдің игілікті ісіне арнаған жомарт азамат.

Жалпы өңірде кейінгі 7 ай ішінде  маңызды деген 18 жаңа нысанның іргесі қаланып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Келер жылы халықаралық әуежайдың жаңа терминалы, стадион мен заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы және көпсалалы аурухана салынады.

Жедел жәрдемге жиырма көлік

Қызылорда өңірі республика бойынша жедел жәрдем қызметін орталықтандыруды алғашқылардың бірі болып бастап, жерлестерімізге сапалы қызмет көрсетуде. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының бағалау рейтингі бойынша да облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы алдыңғы қатарда.

Жасампаз елге сәулет пен дәулет жарасар

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев медицина қызметкерлеріне 20 жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады.

Дәрігерлерді құттықтап, өңірде медицинаның ілгері дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп келетінін атап өтті.

–    Біле білгенге, жедел жәрдем қызметінде еңбек ететін әрбір дәрігердің адам өмірін сақтап қалуда еселі еңбегі зор. Түрлі тосын жағдайларға тап болып, жол-көлік оқиғасында зардап шеккен жолаушыларға мезетінде көмек беру – олардың басты міндеті. Бұл ретте сала мамандары үшін заманауи үлгідегі автокөліктердің қажеттілігі зор. Кейінгі  жылдары жедел жәрдем автокөліктерінің басым көпшілігі ескіріп, талап үдесіне сай келмеуде. Бүгін, міне, тұрғындардың талап-тілектерін ескере келе, кәсіпорынға жаңа үлгідегі 20 жедел жәрдем реанимобилі табысталып отыр. Жергілікті бюджеттен 1 қызметтік автобус пен арнайы техника да берілді, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Тұрғанбай Маханов та әріптестерін құттықтап, ізгі тілегін арнады.

Айта кету керек, реанимобильдер «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы алынды.

Кейінгі кездері өңірдің денсаулық сақтау саласында жағымды жаңалықтар жетерлік. Биыл Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде 80 мыңнан аса халыққа бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 250 келушіге арналған аудандық емхана ғимараты іске қосылса, амбулаторияға деген қажеттілігі бар Арал ауданы «Тастүбек» және Қазалы ауданының Жұбан елді мекендерінде 2 медициналық бекет пайдалануға берілді. Сонымен қатар, тамыз айында шаһардың сол жағалауынан құны 2,7 млрд теңгені құрайтын облыстық қан орталығының  іргетасы қаланды. Мұнан бөлек, алдағы 2 жылда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында құны 9,7 млрд теңгеге 27 жаңа нысан салынады деп күтілуде. Оның басым бөлігі  дәрігерлік амбулатория болмақ. Ал келер жылы 36,4 млрд  теңгеге Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана мен емхана құрылысы басталмақ. Жұмысты жүргізу үшін келер жылға республикалық бюджеттен 750 млн теңге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.

Көпбалалы отбасылар баспаналы болды

Кеше өткен игі шараның бірі – пәтер кілттерінің табысталуы.  Нұрлыбек Нәлібаев ел ағаларымен бірге көпбалалы отбасыларға сол жағалау аймағынан іргесі көтерілген 50 пәтерлі жаңа арендалық көпқабатты тұрғын үйді тарту етіп, қоныс тойымен құттықтады.

Жасампаз елге сәулет пен дәулет жарасар

– Туған жеріміз Қызылорда қаласы кейінгі уақытта қарқынды құрылыс аймағына айналды. Зәулім ғимараттар бой түзеп, жаңа ықшам аудандар салынып, шаһардың сәулеттік келбеті көркейе түсті. Жаңа  бастамалар сәтті жүзеге асуда. Бүгін де міне, салтанатты түрде жаңа арендалық көпқабатты тұрғын үйді жерлестерімізге тарту етудеміз.  Сапалы да зәулім үйді тұрғызған мердігер мекеме  «Асар»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қанағат Сақтағановқа барша қала тұрғындарының атынан алғысымды айтамын. Шаңырақтарыңызда шаттық орнасын, әр жанұяға жақсылық, ынтымақ пен бірлік, амандық тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, «Асар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есебінен 2600 шаршы метрді құрайтын бес қабатты 40 пәтерлік арендалық тұрғын үй 6 жылдан бері кезекте тұрған көпбалалы аз қамтылған отбасыларға берілуде.

Биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен 683 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланды.  Аймақта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1764 пәтерді құрайтын 41 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 1044 пәтерді құрайтын 26 тұрғын үйді жыл аяғына дейін ел игілігіне беру жоспарланған.

Міне, осылайша қараша айының бұл аптасы жақсы жаңалықтарымен айшықталып отыр.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<