Мен үшін биылғы жыл жан жадыратарлық жаңалықтарға толы, жүрекке қуаныш ұялатқан тарихи сәттен басталды.
Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан «Шапағат» медалін алдым.
Бұл марапат жеке жетістігім емес, ең алдымен, мені үнемі қолдап келе жатқан жақындарымның, әріптестерімнің және ел бірлігі жолында талай жылдар бірге еңбек етіп жүрген жандардың ортақ еңбегіне берілген баға деп білемін.
Жоғары марапат маған ел игілігі жолында аянбай қызмет етуге, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған еңбегімді жаңа жауапкершілікпен жалғастыруыма зор серпін береді.
«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі жылдар бойы жастар арасында ынтымақты нығайтуға, қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді сақтауға өлшеусіз үлес қосып келеді. Сондай-ақ жастар отаншылдық пен ынтымақтастық, жасампаздық пен жауапкершілік сияқты басты құндылықтарды дәріптеу жолында айрықша рөл атқаруда.
«Ассамблея жастары» еліміздегі бірқатар маңызды жобаның бастамашысына айналды. Қазір республикалық ұйым 10 мыңға тарта жасты біріктіріп отыр.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауларында, «Түркістан» газетіне берген сұхбатында, кешегі Ұлттық құрылтайда жастарға зор сенім артатынын айтып келеді. Біздің қаламызда өткен алқалы жиын тарихымызға жазылатын маңызды оқиға болды. Онда Қызылорданың даму қарқынына Президентіміз де, келген қонақтар да жоғары баға берді. Біз туған жеріміздің әр жетістігін мақтаныш тұтамыз.
Елена ПАК,
«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы






