Кеше Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, СеулТех университетінің профессоры Джесу Ким және университет ғалымдары, студенттер қатысты.
Аймақ басшысы көпшілік алдында жерлестерін ғылым мен жоғары технологиялар саласында көшбасшы саналатын Оңтүстік Корея тәжірибесінің Қызылорда облысына енгізілуімен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін толыққанды пайдаланғанда ғана білім экономикасына қарай сапалы серпіліс жасай аламыз, елімізде кем дегенде 3 жоғары оқу орны осы саламен айналысуы керек» деген болатын. Бұл тапсырма жоспарымызды жүзеге асыруға мықты негіз болды. Мамыр айында Корея Республикасына жасаған іссапарымда Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің президентімен арнайы кездесіп, әріптестікке қатысты мәселелерді талқылаған едік.
Сол келіссөздің алғашқы нәтижесі – бүгінгі жоғары мектептің ашылуы. Қорқыт ата университеті базасында жасанды интеллект мектебінің құрылуы – тек Қызылорда облысының ғана емес, еліміздің білім кеңістігіндегі үлкен жетістік. Аймағымыз экономика, ауыл шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп ғана қоймай, білім, ғылым, IT-технология, киберқауіпсіздік және компьютерлік ғылымдар саласында да жұмысты күшейте бермек. Жасанды интеллект бағытында маман даярлау Сыр өңірінен бастау алғаны бізді ерекше қуантады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шарада ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым мен жоғары технологиялар саласында Сыр өңірінде жасалып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады. Елімізде алғашқылар қатарында жасанды интеллект мектебінің құрылуы маңызды жаңалық екеніне тоқталды. Бұл – өзге өңірлеріне үлгі етуге тұрарлық бастама.
Ал Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті кванттық жасанды интеллект қауіпсіздігі әлемдік орталығының директоры, профессор Джесу Ким Сыр өңірінің озық технологиялар мекені атануына тілектестік білдірді.
Салтанатты шара барысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбай Құдайбергенұлы «Парасат» орденімен наградталды.
Қызылордада СеулТех университетінің филиалы ашылғанда жыл сайын студенттерге арнайы грант бөлініп, олар IT-технология, киберқауіпсіздік және компьютерлік ғылымдар бойынша білім алады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<