Жасөспірім қыры мен сыры беймәлім ересек өмірге қадам басқанында түрлі қиындықтар мен кедергілерден өтуі керек. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, жоғары оқу орнын аяқтап, мамандығы бойынша жұмыс таппауы жастардың еңсесін түсіреді. Түрлі өзгерістерге толы жаһандану заманында жастардың өзі сенімді болып, табысқа жетуі үшін өмірлік және жұмысқа орналасу дағдыларын дамыту қажет. Халықаралық жастар қорының тәжірибесіне сүйенсек, өмірлік дағдылар мен жұмысқа орналасу дағдылары арасындағы байланыс жастарда қиындыққа мойымайтын кез келген жағдайда оң шешім қабылдай білетін тұлғалық қасиеттерін дамытуға септігін тигізуде. «Өзің қалаған дүниені ертеңге қалдырмай бүгін жаса!» демекші, жас талапкерлерді «бала» демей, қазірден бастап тұлға ретінде қалыптастырар болсақ, онда оның болашағы зор деген сөз.
Осыған орай, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ішкі істер министрлігінің «Қазақстан Республикасындағы кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу жобасын кезең-кезеңмен енгізу туралы» бірлескен бұйрығын іске асыру мақсатында Қызылорда облысында «Bilim Foundation» қоғамдық қорының жастар арасындағы өзекті мәселелерді шешуге арналған «Табысқа жеткізетін төлқұжат» бағдарламасы пилоттық режимде жүзеге асырылуда.
Бағдарламаның мақсаты өзіне деген сенімділікті, қарым-қатынас жасай білу, шешім қабылдай алу және мақсат қоя білу сияқты жеке біліктіліктерді жетілдіру, жастар тап болуы мүмкін маңызды проблемаларды болжау, олардың табысты жұмыспен қамтылуын, командада жұмыс істей білуі, ынтымақтастық және қаржылық шыңдалуы сияқты дағдыларын дамытуды көздейді. Сондай-ақ, жергілікті қауымдастықтың проблемаларын шешуге арналған әлеуметтік жобаларды жоспарлауға және жүзеге асыруға қатысуына қолдау танытады.
Табысқа жеткізетін төлқұжат 6 бағыттан тұрады. Олар – денсаулықты сақтау, психикалық саулықты сақтау, эмоционалды интеллект, отбасы құндылықтарын тәрбиелеу, қоршаған ортада өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дағдылану.
Бұл бағытта облыс бойынша 22 тренер таңдалынып алынды. Жалпы, пилоттық бағдарлама барысында облыстағы 21 мектептің 8-сынып оқушылары қатыстырылуда. Бағдарламаны жүргізудегі тренердің ролі ерекше. Өйткені, жасөспірімдермен тікелей қарым-қатынас жасап, мінез-құлқын дұрыс бағытқа өзгертуге ықпал ете алатын жетістікке жетелейтін маңызды жан, ол – тренер. Оқушыларға рольдік ойындар, шағын топтардағы пікірталас, қысқаша дәріс, жаттығулар арқылы дағдыларды меңгертеді. Бағдарлама 20-25 қатысушыдан тұратын топпен жұмыс жасауға арналған. Жүргізілетін сабақтың ұзақтығы 60 минут. Сабақ барысын талқылауда әрбір оқушының пікір айтуына мүмкіндік берілуі керек. Бағдарламаның маңыздылығы осында.
АҚШ-тың Брэндайс Университеті бағдарламаға қатысушылардың алдына қойған мақсаттарының орындалғанын айтады. «Табысқа жеткізетін төлқұжат» бағдарламасы барысында жасөспірім құнды дағдыларды меңгеріп, оны өмірде қолдану тәсілін игеріп, соған орай білім алып жұмысқа тұруға ұмтылады.
Г.ЖҰМАҒАЛИ,
облыстық оқу орталығы әлеуметтік-педагогикалық қызмет бөлімінің әдіскері,
облыстық мастер-тренер.
облыстық оқу орталығы әлеуметтік-педагогикалық қызмет бөлімінің әдіскері,
облыстық мастер-тренер.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<