Жастар бригадасы жарап тұр

555

0

Былтыр облыста ауыл шаруашылығы саласы бойынша үздік атанып, көш бастаған Сырдария ауданы биыл 33850 гектар жерге егін егеді. Басты дақыл күріш – 21885 гектар. Сондай-ақ жаздық бидай, жүгері, жоңышқа мен мақсары да бар. Картоп 431, көкөніс 206, ал бақша 418 гектар жерге егілуде. Бұларға әдеттегідей шаруашылық құрылымдарындағы ақ егісті де қосамыз. Қазір ауданда Сыр салысы түгел себіліп, 19790 гектары суға бастырылған.

Осыдан төрт жыл бұрын Сырдариядағы аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен жастар еңбек бригадалары құрылып, өз жұмыстарын бастағанын естігенбіз. Аудан әкімдігінің қолдауымен Шіркейлі, Айдарлы, А.Тоқмағанбетов, Аманкелді, Бесарық, Жетікөл және Қоғалыкөл елді мекендерінен құрылған осындай талаптылар қатарына жұмыссыз, NЕЕТ санатындағы және пробация есебінде тұратындар еңбек етіп жүр екен.

– Қазір егін науқаны басталды. Сіз айтып отырған еңбек бригадаларына биыл 150-ге жуық жасты тарту көзделуде. Бұған дейін Аманкелді, А.Тоқмағанбетов ауылының жігіттерін Жаңақорғандағы Жайылма ауылдық округіндегі егін даласына жібердік. Бар мақсат – бір жақсы дүние көріп, үйренсе деген тілек. Ол жақтағы диқандар да біздің жастарға білгенін айтудан шаршамады. Тәжірибе алмасты. Қазір осы азаматтар өз ауылдары маңынан картоп, қауын-қарбыз, қияр-қызанақ, асқабақ екпекші. Бақшалығын қоршап, су келетін қарықтары мен атыздарын дайындап жатыр, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Әбдірәсілов.

Расымен, осындай жастар бригадаларын құру арқылы ел ішіндегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге болады. Тек жергілікті билік тарапынан қолдау керек. Сонымен қатар, осындағы Шіркейлі ауылдық округінде құрылыс материалдарын шығаратын Шіркейлі жастары да бар. Олар цемент, әк және т.б құрылысқа қажетті заттар дайындап жүр.

Нұрман Әбдірәсіловтің айтуынша, құрылған бригадалар биыл аудандық, облыстық көрмелерге және жәрмеңкелерде өз өнімдерін апаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ күзде бақша дақылдарын қолжетімді бағада сату арқылы тұрғындарға көмек жасаған диқан жігіттер де жыл соңында лайықты марапатқа ие болады. Мысалы, былтыр аудан жастарының қорытынды форумында «Айдарлы» жастар бригадасының бригадирі Зейнолла Жүсіпов аудан әкімінің арнайы жүлдесіне ие болып, оған 100 мың теңге сыйақы берілген.

Cонымен қатар, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы бар. Былтыр аудан басшылығы тұрғындарға 210 гектар қосымша жер ашып берсе, биыл оған 105 гектар қосылып, барлығы 315 гектар жерге бақша егу жоспарланған еді. Қазір Сырдария бойынша 359 гектар жер анықталып, 258 гектар жер дайындалған. Жалпы Тереңезек кенті мен ауылдық округтер бойынша 850-ге жуық адам егін егуге ынталы.

Сөз басында айтып кеткендей, күрішке қажет 10010 тонна минералдық тыңайтқыш толық сатып алыныпты. Ал шаруашылықтар сұранысы – арам шөпке қарсы гербицидтің 86 пайыздан астамы дайын. Көктемгі дала жұмыстарына 758 ауыл шаруашылығы техникасы қатысуда. Әзірге осыған қажетті жанар-жағармай ауданда жеткілікті. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі берген мәліметке сүйенсек, су тапшылығы болған жағдайда қажетті насостар канал мен қашыртқыларға қойылады.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<