Жастар ісі жөніндегі кеңес жылды қорытындылады

387

0

Облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Баймановтың төрағалығымен жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиында өзекті мәселелер қаралып, жыл қорытындысы шығарылды.

– Жастармен адресті жұмысты ұйымдастыру, оларды мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға тарту, әскери-патриоттық тәрбие беру мен бос уақытын тиімді ұйымдастыруда жастар ресурстық орталықтарының орны ерекше. Орталықтар жастарға сапалы әрі нәтижелі қызмет көрсетуі үшін ондағы мамандардың біліктілігін арттырып, қажетті материалдық-техникалық базаны үнемі жақсартып отыру қажет, – деді Шахмардан Байманов.

Жыл көлемінде атқарылған жұмыстар туралы облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілес баяндама жасады. Бүгінде аймақ халқының 30 пайызға жуығы, 244 мыңнан астам адам – 14-35 аралығындағы жастар.

– Биыл Жастар саясаты туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, нәтижелерді бағалау мақсатында даму индексі енгізілді. Индекс 33 индикатор бойынша білім беру, денсаулық сақтау және әл-ауқат, жұмыспен қамту және мүмкіндіктер, саяси қатысу, азаматтық белсенділік, бос уақыт, инфрақұрылымға қолжетімділік, қауіпсіздік секілді 7 бағыт бойынша өлшенеді. Аталған бағыттар бойынша аймағымызда көрсеткіштер оң динамикаға дамуда, – деді Талғат Тілес.

Айта кетсек, 10 жастар ресурстық орталығында 169 маман қызмет көрсетуде.

Кеңестің күн тәртібінде жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыстылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі де қаралды. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар туралы облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Дәурен Майрихов баяндама жасады.

Биылғы 11 айда жастар арасындағы қылмыс саны 11,6 пайызға, былтырғы 552-ден 616-ға дейін өскен. Облыс бойынша тіркелген қылмыстарға 699 жас пен жасөспірім қатысқан. Олардың ішінде 23 мектеп оқушысы, 47 студент, 68 әртүрлі мекемеде жұмыс істейтін жастар бар. Қалған 561-і немесе 80,2 пайызы – жұмыссыз, еш жерде оқымайтындар. Жастар жасаған 616 қылмыстың 196-сы ұрлық, 62-сі бұзақылық, 92-сі алаяқтық, 23 тонау, 25 ауыр дене жарақатын салу, 35-і есірткі тұтыну, қалғаны – әртүрлі санаттағы қылмыстар.

– Қылмыстардың алдын алу мақсатында мүдделі органдармен бірлесіп, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі, жастар мен жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу тақырыбында дәрістер, ата-аналар жиналысы, дөңгелек үстелдер мен кездесулер өткізілді, – деді Дәурен Майрихов.

Жиын соңында Шахмардан Байманов жастарды жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлік бастаманы қолдау бойынша басталған істі жалғастыруды тапсырды. Ол жастарды мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тарту бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктеріне, облыстық қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесіндегі neet санатындағы жастардың деректерін өзектендіру жұмыстарын 2024 жылдың 15 қаңтарына дейін аяқтау тапсырылды.

Бұдан бөлек, тиісті басқармалар мен қала және аудан әкімдіктеріне жастар арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында тиісті шаралар қабылдау жүктелді. техникалық және кәсіптік білім беру орындарындағы жастардың өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмыстарын, мемлекеттік бағдарламаларды аймақ жастары арасында насихаттауды күшейту, әлеуметтік жобалар санын ұлғайту мүмкіндіктерін қарастыру секілді бірқатар тапсырмалар берді.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<