Жастар кәсіпкермен кездесті

661

0

Қала сыртындағы Ecvil демалыс орнында ашық аспан астында кәсіпкер Бақтияр Құдайбергеновпен бір топ жастар кездесті. Шараны Титан бизнес клубы ұйымдастырған.

Бақтияр Өсербекұлы Сырдария ауданы Іңкәрдария ауылының тумасы. Еңбек жолын қарапайым слесарь қызметінен бастаған ол бүгінде аймақтағы ірі кәсіпкерлердің бірі. Автобөлшектер сататын бірнеше дүкендері бар. Кәсіпкер әлеуметтік желіде де танымал. Инстаграм парақшасы арқылы көпшілікке өзінің кәсібі мен еңбек жолындағы оқиғаларымен бөліседі.

Бақтиярмен кездесуге қаламыздағы түрлі салада кәсіп бастаған жастар келді. Олар қалай команданы қалай жинау керек, серіктеспен байланыс, өз ғимаратың болған дұрыс па, әлде жалға алған тиімді ме, затты жеткізіп беруші міндетін дұрыс орындамаса қайтпек керек осындай түрлі сауалдарын қойды. Кәсіпкер өз тәжірибесімен бөлісті.

Жастар кәсіпкермен кездесті

– Кәсіпті дөңгелету үшін білім керек. Кітап оқып, семинарларға қатысқанның зияны жоқ. Араласатын ортаң да ойыңа ой қосады. Адам өз күшімен кәсіп бастап, бірнеше рет қателесіп көрмейінше табысқа жете алмайды. Әрбір қателіктен сабақ алып қана шыңдаласың. Маған да кәсіп бастауға көмектесіңізші деп жатады. Бірдеудің бастап берген ісін, әрі қарай алып кетуі екі талай. Өзі қалаған, қолынан келетін істі қолға алуы керек. Менің заттарым өтпейді бітті, мен кәсіпкер болмаймын деп орта жолда тоқтап қалатындар бар. Қайсарлық қажет. Табандылық танытып әрі қарай шығу жолын іздеп тапса, сол еңбекпен келген нан тәтті болады, – дейді Бақтияр Өсербекұлы.

Титан бизнес клубының басқарушы серіктесі Ақмарал Тоқмурзиева жастар үшін қажетті мұндай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылатынын айтты.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<