Жастар өкілдеріне жаңа Конституция жобасындағы нормалар түсіндірілді

7

0

Арал ауданында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстан Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының бастамасымен жастармен ауқымды кездесу ұйымдастырылды.

Онда жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары кеңінен түсіндіріліп, реформаның қоғам дамуындағы ықпалы талқыланды.

Кездесуге аумақтық коалиция жетекшісі Базарбай Төрахметов, коалиция мүшелері Алдаберген Жоланов, Талғат Қанатов, Лаура Ибраимова мен Берік Сұлтаниязов қатысты.

Жиынға ауданның белсенді жастары, студенттер, жас мамандар мен еріктілер жиналып, өзара пікір алмасу алаңы қалыптасты.

Коалиция жетекшісі өз сөзінде Конституция – мемлекеттің басты құжаты екенін атап өтіп, ұсынылып отырған өзгерістер ел болашағына тікелей әсер ететінін айтты. Оның айтуынша, жаңа жоба қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге және мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған.

Коалиция мүшелері де сөз алып, Конституциялық реформаның мазмұнына жеке-жеке тоқталды. Олар билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту секілді бастамалардың маңызын түсіндірді. Сонымен қатар жастар саясатына қатысты нормалар жөнінде айтылды.

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасында адамның құқықтары мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық ретінде қарастырылатыны, әлеуметтік әділеттілік пен заң үстемдігі қағидаттарының нақты бекітілетіні, Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік күшейіп, азаматтардың бастамаларына қолдау көрсету тетіктері арта түсетіні де айтылды.

Жиын соңында ел болашағына қатысты маңызды шешімдерге қатысу әр азаматтың жауапкершілігі екені атап өтілді