Президент Жолдауда, әсіресе елді мекендердің жағдайы туралы мәселелерді өте орынды қозғады. Соның ішінде, ауылға жас мамандардың аз келетіні мазалайды. Ауылдың дамуына айтарлықтай үлес қосатын жастардың көпшілігі қалаға барғысы келеді. Осы тұста Президент «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде ұйымдастыру керектігін айтты. «Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырамын», – деген сөзі көңілге қуаныш ұялатты.
Жасыратыны жоқ, бұл ауыл медицинасы үшін де мол мүмкіндік туғызады. 2018 жылы пайдалануға берілген жаңа ауруханаға маман тарту күн тәртібінде тұрды. Медициналық жоғары оқу орындарын бітіруші студенттер және резиденттер жұмысқа шақырылды. Нәтижесінде соңғы үш жылда 50 дәрігер елге келді. Оның 24-і «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен үйлі болып, өзге де мемлекеттік жеңілдіктерге қол жеткізді.
Аудан халқының сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына жағдай жасау біздің міндетіміз. Осы мақсатта республикада бірінші болып біздің аудан «Ангиограф» аппаратымен қамтылып, тері асты емдеу орталығы ашылды. Алдағы уақытта Арал, Қазалы, Қармақшы ауданының халқына тегін медициналық көмектің шеңберінде қызмет көрсетілетін болады. Келешекте бұдан да жоғары жетістіктерге жетеміз деген үміттеміз.
Гүлжихан НЫСАНОВА,
Қазалы аудандық орталық
ауруханасының бас дәрігері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<