«Жастардан жәрдем»: Бастама баянды болғай!

1161

0

Биыл Арал ауданының шаруалары табиғаттың тосын мінезінен, қуаңшылықтан зардап шегіп отыр. Мал шығыны орын алды. Жағдай күрделенген сайын, алаң көңілдің уайымы көбейді. Бірақ, ертеңге сенімі мықты жастар жұрттың еңсесін көтеріп тастады. Олар «Он адам жүрген жерде із, жүз адам жүрген жерде соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» деген дана сөздің айғағына айналды.

«Жастардан жәрдем»: Бастама баянды болғай!


Облыстық «Жастар ресурстық ор­та­лығының» бастамасымен барлық сала­дағы белсенді жастар бірлесіп, «Жас­тардан жәрдем» акциясын бастады. Жаңақорған, Шиелі, Сырдария және өзге де аудандардың ерікті жастары шөп оруға атсалысуда. Мақсат біреу – қыс қамын жасаған ағайынның көңілін бірлеу. Берекелі бастамаға жаңақорғандық жастар ерекше леп беруде. Аудан әкімдігінің бастамасымен тау беткейіндегі ауылдық округтердің шаруалары «Түгіскен» тұқым шаруа қожалығынан тегін шөп орып алуға мүмкіндік жасады. оны Қыраш және Қосүйеңкі ауылдық округінің жастары бірауыздан қолдап, шөп орағының басына жетті. Айта кету керек, шаруаларға қолдау көрсетуге «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары атсалысуда.

«Жастардан жәрдем»: Бастама баянды болғай!

Шиелі ауданының Бәйтерек ауыл­дық округіне қарасты «Бидайкөл» шаруа қожалығында ерікті жастар және «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары қожалық жұмысшыларымен бір­лесіп, қысқы мал азығын жинау­дың қамымен жүр. Жиналған шөп қожалықтың жұмысшыларына және әлеуметтік аз қамтылған тұр­мысы төмен отбасыларға үлес­ті­рілетін болады. Осы уақытқа дейін «Бидайкөл» қожалығы 50 отбасыға қысқы мал азығын таратқан. Сырдарияда да ерікті жастар шаруаларға көп ұзамай көмекке келді. Олар шалғы-орағын сайлап, күріштік маңындағы атыздарды оруда. «Жасыл ел» жасағының мүшесі Сұлтан Тәжімұрат елдің баласы деген атқа лайық болу үшін әрбір жас осындай бастамалардың басы-қасынан табылу керек деген пікірде және ол Сыр жастарын игі іске үлес қосуға шақырады.
Жалағашта да қызу тірлік бар. Ал, Қармақшы ауданында жастар бригадаларын ұйымдастыру ісі қарқын алуда. Қазалылықтар да бастамадан шет қалған жоқ. Сонымен қатар Аралда 40 белсенді жігіттен құралған арнайы еріктілер жасағы аудан аумағындағы шабындықтардан шөп оруға жол тартты. Қазір олар Жетес би ауылдық округі аумағындағы алқаптарда аянбай еңбек етуде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп білетін олар орылған шөпті ауыл маңындағы шаруаларға жеткізетін болады.

Арал ауданының құрметті аза­маты, ардагер журналист Шәкірат Дәрмағамбетұлы жастардың жіге­рін жанып, алға қойған мақсатын абыройлы атқарып қайтуға ақ батасын берді. Ал, үлкендердің батасын арқалаған кішілер сенімге селкеу түсірмек емес.


– Еркін елдің ерікті жастары елге көмек беру жолында сақадай сай. Бүгінде акция ауданға қарасты Жетес би және Қаратерең ауылдық округтерінен бастау алып отыр. Сондай-ақ, дәл осындай жұмыстар ауданға қарасты Аманөткел, Ақирек, Аққұм және Жаңақұрылыс ауылдық округтерінде де жүзеге асырылмақ. Аталған аумақ бойынша 12 шөп ору бригадасы жасақталды, – дейді ерікті Ержан Сабырбай.

«Жастардан жәрдем»: Бастама баянды болғай!


Өзгенің мұңын өзінікіндей сезінетін журналистер қауымы да акциядан сырт қалмады. Жақында Әзиз Батырбеков бас­таған қалалық «Ақмешіт ап­талығы» газетінің тілшілері қа­ламды ораққа айырбастап, іске білек сыбана кірісті. Олар қала іргесіндегі Қарауылтөбе ауыл­дық округінде өткен шарада жасылелдік жастармен бірге бір көлікке жүк боларлық пішен орды. Абзал істерімен қол созуға асық жастардың бастамасы көпке үлгі. Бастысы, олар «Қолым бос емес!» деп келте кескен жоқ, керісінше ағайынның басына түскен сынақты бірлесе өткеруге күш салуда. Бұл барлығымызға да ой салары анық.


Мөлдір Қалымбет,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<