ЖАСТАРДЫ ЖІГЕРЛЕНДІРГЕН ШАРА

362

0

Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Сыр елі және ХХІ ғасыр» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен  «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы аудармашы, педагог-психолог Сымбат Әбдірахмановамен және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушысы, А.Нобель атындағы медальдың иегері Нұрбол Аппазовпен,  Оңтүстік Кореяның Дэджон қаласында өткен «Жас ғалым» халықаралық жобалар байқауының жеңімпазы Дінмұхамед Ақпанмен «Public Talks» форматындағы кездесу өтті.

 Кездесуде бірнеше тілді меңгерген Сымбат Әбдірахманова қаржы қажет етпейтін жобаларды жүзеге асырудың жолдарын айтып, өз тәжірибесімен бөлісті. Арман-мақсаттарға жетудің жолдарын, сол арқылы болашаққа жоспар құра білу жайында сөз қозғады. Өзінің балалық шағындағы армандарын айтып, қарапайымдылығымен барлығын еліте білді. Сонымен қатар, балалардың танымдық әрекетін дамытатын мультфильмдер дайындап  жүрген Сымбат Нұртазақызы өз туындылары жайында да сөз қозғады.

Ғылым жолында жүріп, биік белестерді бағындырған Нұрбол Аппазов бүгінде Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасының жетекшісі және «Экология және химиялық технологиялар» кафедрасының қауымдастырылған профессоры қызметтерін қоса атқарады. ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен жүргізілетін ғылыми жобаларға жетекшілік жасайтын Нұрбол өз саласы бойынша мәлімет беріп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар Ресей Жаратылыстану Академиясынан өнертабысты дамытқаны үшін А.Нобель атындағы медальды кеудесіне таққан жас ғалым жастарға ғылым саласындағы жаңа, заманауи мүмкіндіктер жайында айтты. Ал келешек ғылым саласында өзіндік қолтаңбасын қалдыратын, болашағынан үлкен үміт күттіретін Дінмұхамед Ақпанға деген замандастарының ықыласы ерекше болды. Заман көшінен қалмай, әр адам үнемі өзін дамытып, жетілдіріп отыру керектігін айқындап, өз тәжірибесімен бөлісті. Еркіндігімен, қарапайымдылығымен балаларды баурап алған Дінмұхамедті барлығы ортаға алып, шарадан соң шеберлік сағатын өткізуді сұрады. Замандастарынның сөзін жерге тастамаған Димаш та білген-түйгенін ортаға салды.

Осылайша, жиналғандар кездесуден керемет әсермен қайтты. Оларды бұл шара жігерлендіріп, бәсекеге қабілетті болу бүгінгі күннің талабы екендігін ұғынды деген ойдамыз.

М.Қожахметова,

Аймақтық «Рухани жаңғыру»

орталығының маманы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<