Жастарға бағдардың жарқын үлгісі

434

0

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекеттің өткені мен бүгінін сабақтастыратын құнды белгілер. Бүгінде халықтар арасындағы достық қарым-қатынас ұлттық нышандармен тығыз байланысты.

Осы орайда сол жағалаудағы Жастар ресурстық орталығында Рәміздер күніне орай «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты іс-шара өтті.

Жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Аңсат, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов қатысты.

Іс-шараның алғы сөзінде А.Есмаханов барша қатысушыларды мерекемен құттықтады.

– Биыл мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 31 жыл толды. Мемлекеттік рәміздер туралы  конституциялық заң қабылданған бұл күн біз үшін өте маңызды. Әрбір адамның еліне деген сүйіспеншілігін, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін, Қазақстанның болашақтағы жетістіктеріне деген сенімін арттырып, кез келген қиындыққа қарсы тұруға мүмкіндік береді, – деді А.Есмаханов.

Жиында сөз алған кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Аңсат жас кәсіпкерлердің бастамасына қолдау білдіріп, жұмысын жандандыруға бағыт-бағдар берді. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Айтбайұлы кәсібін енді бастаған жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулар жөнінде жан-жақты мағлұмат беріп, кәсіп бастауға арналған субсидия мен жеңілдетілген несие, мемлекеттік қайтарымсыз гранттарға тоқталып өтті.

Жиын барысында ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр, ұлттық нақыштағы ою-өрнектердің мәні сондай-ақ, көркемдік мәдениетті айшықтайтын жергілікті жас кәсіпкерлердің қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Көрмеге әртүрлі ою-өрнектермен тоқылған бұйымдар, ResinArt техникасы арқылы жасалған заттар, ұлттық нақыштағы киімдер мен бас киімдер қойылды.

– Негізі халқымыздың ұлттық өнерін кәсіпкерлік бағытта қолданып, қазіргі тілмен айтқанда бренд қалыптастыруға болады. Мен бүгінгі көрмеге өзім жасаған қолөнер бұйымдарын алып келдім. Олардың ішіндегі ең негізгісі – әрбір этнос өкілдерінің мәдениетінен хабардар ететін қуыршақтар коллекциясы. Негізінен коллекцияда 12 қуыршақ бар. Әрбір қуыршақты жасау үшін шамамен 1 ай уақытымды жұмсаймын.

Сондай-ақ, ұлттық нақыштағы киімдерді дайындау үшін арнайы маталарға тапсырыс беремін. Мұнан бөлек ұлттық нақышта дайындалған қуыршақтар топтамасы бар. Ол топтама қазақ халқының мәдениетінен сыр шертеді. Жалпы, қуыршақтарды сатып алмас бұрын  әрбір халықтың тарихымен жете танысамын. Қазіргі кезде аталған топтамаларға тұтынушылар тарапынан сұраныс көбейіп келеді. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар аясында жоба әзірлеп, өз кәсібімді кеңейтсем деген ойым бар, – жас кәсіпкер Сабина Темірболатова.

Іс-шарада «Жас сарбаз» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Ә.Төлебай жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға бейнеролик арқылы шолу жасады. «Жас сарбаз» РҚБ мүшелері әскери-патриоттық шеру арқылы өз өнерлерін көрсетті. Іс-шара өнерпаздардың мерекелік бағдарламасына ұласты.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»