Жастарға берілген мүмкіндік

845

0

Қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров қала бойынша мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы баяндады.

Бүгінде «Qosyl» қалалық жастар орталығы күміс сапаға лайықты жүйелі жұмыстарды жүргізуде. Мәселен, өткен жылы орталықтың ұйымдастыруымен 143 іс-шара өтіп, оған 10 000 жас қамтылған.  Жастардың сұранысына орай жабдықталған орталықтың қызметін 11 071 жас пайдаланды. Яғни, орталықта WI-FI, коворкинг орталығы, спорттық секциялар, креатив фото-видео студиясы, би залы және жастар ұйымдары кабинеті тегін қызмет көрсетуде. 

Өткен жылы орталықпен ұйымдастырылған ауқымды шаралардың бірі, қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығы  арқылы кәсіптік техникалық бағыттарда қызмет ететін саланың көшбасшылары  анықталды. Сонымен қатар, Қазақстандағы мобилографияның негізін қалаушылардың бірі Қыран Талапбектің қатысуымен Қызылорда облысында алғаш рет жастар арасында «Мобилография» фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шара нәтижесінде қаладағы жас мобилографтардың ортасы қалыптасты.

– Біз ауыл жастарының дамуына септесіп, қаланың шет аймақтарынан да жастарға қолжетімді орталықтар ашуды жоспарлаған болатынбыз. Жастардың бос уақытын тиімді өткізу,  салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында Қарауылтөбе, Ақсуат, Ақжарма,  Қызылжарма, Талсуат, Қызылөзек ауылдық округтерінен үстел теннисі орталықтары ақысыз негізде жастарға қызмет көрсетсе, «Аула клубтары» әлеуметтік жобасы аясында желтоқсан айында Тасбөгет кентінде алғашқы аула клубы өз жұмысын бастады. Алдағы уақытта аула клубтарын Белкөл кенті мен «Шанхай» аудандарынан ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Әліби Басаров.

Сонымен қатар, жазғы маусымда «Арбат» бойында әр аптаның бейсенбісі – «PING-PONG», жұма күні – «Караоке Battle», сенбі күндері «Кино TIME» жобалары өтеді. Осы және өзге де қала жастарына қатысты күнделікті ақпараттар мен жаңалықтар «qosylbot» телеграм-бот және «qosyl.mrc» инстаграм парақшасында жариялануда. Ал «Жұмыс бар» деген арнайы парақша арқылы бос жұмыс орындары туралы ақпараттар орналастырылады.

«Qosyl» жастар орталығының тұрақты жобаларына айналған «Qosyl kenes» жобасы арқылы жастарға үздіксіз кеңес берілуде, ал «Qosyl acoustic» жобасы аясында шығармашыл жастардың ән кеші әр ай сайын өткізіліп келеді. 

– Айта кетейік, өткен аптада «Orta» рухани-интеллектуалды демалыс орны ашылды. Орталық қазақы нақышта, заманауи үлгідегі жабдықталған бос уақытты тиімді өткізуге және интеллектуалды орта қалыптастыруға арналған кеңістік. Жастар мен жасөспірімдерге арналған орталықта «Орта ойыны» – түрлі үстел ойындары, «IQ орта» интелектуалды сайыстары,  «Орта сазы» жанды дауыстағы мерекелік кештер, «Қолайлы орта» кітап бұрышы, мәжіліс залы, «Skills Орта» жобалары және балаларға арналған логопед кабинеті мен тоғызқұмалақ, шахмат үйірмелері жұмыс жасайды. Бұл орталық алдағы уақытта түрлі жобаларды әрі қарай жандандыру үшін септігін тигізеді деп сенеміз, – деді ол.

Жанболат ӨМІРЗАҚ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<