Жастығын жалын шарпыған

618

0

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Ерлік көрсеткен азаматтар әркез құрметке лайық. Осыған орай қаладағы «Тағзым» алаңында Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті.

Батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, қаһармандық танытып, өздерінің Отан алдындағы парызына адал болған сарбаздар ұмытылмасы хақ.

Шара барысында қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев сөз алып, азаматтық борышын өтеу жолында қапыда қаза болған жауынгерлердің жарқын бейнесі ұрпақ жадында жаңғырып, ерліктің үлгісі болып қала беретінін атап өтті.

– 2024 жылдың елеулі оқиғаларының бірі – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуы. Он жылға ұласқан сұрапыл соғысқа «Бірінші міндетім – Отанды қорғау» деп түсінетін, патриот азаматтарымыз аттанған болатын. Сондықтан соғыс кезінде шейіт болған ағаларымыздың барлығы ел қаһармандары екені сөзсіз. Жыл сайын Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухының алдында бас иеміз, – деді ол.

Жиналған жұртшылық батырлар рухына бас иіп, бір минут үнсіздікпен еске алды, гүл шоқтарын қойып, майданда опат болған сарбаздарға Құран бағыштады.

Өз кезегінде Ауған соғысының ардагерлерін еске алу және құрмет көрсету шарасы «Достық үйінде» салтанатты марапаттау жиынына ұласты. Салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев ардагерлерге 35 жылдық мерекелік төсбелгі табыстап, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

***

«Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалы Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толған атаулы күні «От-жалыннан оралғандар» тақырыбында іс-шара өткізді.

ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің жеке құрамымен Ауған соғысында батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһармандар, бүгінде аймақтық органның ардагерлері, запастағы полковник Марат Аманқұлов, запастағы полковник Құламқадыр Жұмабеков, марқұм, отставкадағы полковник Абылай Мырзабайдың жары Саракүл Асанова және облыстық «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Жаров кездесті.

Кездесуге келген Ауған соғысының ардагерлері естеліктерін бөлісіп, елдің аманатын арқалап, өмір мен өлім белдескен уақытта қазақ жауынгерлері көрсеткен ерлік туралы әңгімелеп берді. 

Басқосуда сөз алған ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығының міндетін атқарушы, Ұлттық қауіпсіздік полковнигі Ер-Саид Замишев интернационалист жауынгерлерге жылы лебізін білдіріп, ардагерлерге сый-сияпат көрсетті. «ҚР ҰҚК органдарының ардагерлері» РҚБ облыс бойынша филиалының төрағасы, запастағы полковник Серік Досмағамбетов қаһармандарды құрметтеп, ардагерлер кеңесінің алғысын білдірді. Батырлар ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтты.

***

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Жастығын жалын шарпыған» атты Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті. Іс-шара Кеңес одағы әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Кездесуге жастық шағын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралған интернационалист-жауынгерлер Айбол Сыздықов, Ерқанат Ахметов, Талғат Жекебаев, Нұраддин Бекетаев және ҚР Ұлттық ұлан №5547 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.

Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, жат жерде көз жұмған жерлес азаматтарды еске алу және жастарға патриоттық тәрбие беруді мақсат еткен жиында ардагерлер қиындығы мен қасіреті мол Ауған соғысы кезіндегі жауынгерлік тапсырмаларды қалай орындағаны туралы айтты. Өткен күндерді еске алып, тағылымды әңгімелерін бөлісті.

Кеш барысында «Ерлік даңқы мәңгілік» тақырыбындағы кітап көрмесіне шолу жасалды.

Дильназ ТЕМІРҒАЛИ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<