Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Руханиятты қолдау» қоғамдық қоры мемлекеттік қызметкерлердің ортасында «Мемлекеттік қызметкер этикасы: сөйлеу, іскерлік сөйлеу, коммуникациялық орта» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Оған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов қатысты.
Семинар-тренингте Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Н.Құлмырзаев «Виртуалды әлем: діни экстремизм, толеранттылық, ақпарат мәселесі» тақырыбында ой өрбітті. Айтуынша, қарапайым халық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған барлық ақпаратқа сенеді. Әрине, бұл дұрыс. Алайда халықтың барлық жаңалықты сол күйінде қабылдауының кері әсері интернет пайда болғаннан бері біліне бастады. Себебі, ғаламторда кім не жазса да, қандай ақпарат таратса да көпшіліктің талдап-таразыламай қабылдайтыны кейде ел арасында дүрбелең туғызып жататыны жасырын емес. Бір қиыны, мұндай сәтті базбіреулер өз ұпайына пайдаланатындығы. Мәселен, теріс пиғылды топтар халықтың кез келген ақпаратқа сенгіштігін пайдаланып, әлеуметтік желі арқылы ел тыныштығын бұзатын ақпарат салып, оны өздері бүркеншік атпен, интернет тілімен айтқанда, «фейк» болып, әрі қарай қоздырып әкетіп, талайдың санасын улайды. Сондықтан әрбір ақпаратқа салмақты оймен, таразылап баға берген абзал әрі шынайы жаңалықтың насихатталуына қоғам болып белсенділік танытқан жөн.
Қорқыт ата атындағы ҚМУ қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, психология ғылымдарының кандидаты А.Аяғанова «Коммуникациялық орта» тақырыбында ой бөлісті. Бұл орайда мемлекеттік қызметшілерге аудиторияны игере білудің құпиясымен бөлісті. Көпшілік алдында сөз сөйлеу үшін адам сенімді, ойын анық, шынайы жеткізуі керек. Сондай-ақ, көп алдында қимыл-қозғалыстың да әсері бар. Психологтың айтуынша, қол саусақтарын айқастыру, алақанды шымшылау, саусағымен үстелдің үстін ұру адамның өзіне сенімсіздігін және шыдамсыздығын білдіреді екен. А.Аяғанова семинарды америкалық педагог-психолог Д.Карнегидің ортамен жақсы қарым-қатынас орнатуда 4 кеңесімен түйіндеді. Ол: мақсатқа жетуге ұмтылу, не айту керек екенін білу, сенімділік таныту, тәжірибеге сүйену.
Семинар-тренингті қорытындылаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов бұл шараның қатысушылар үшін пайдалы болғанын атап өтті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<