ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

970

0

Жақында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттеріне арналған алқа мәжілісі өткізілді. Оның жұмысына облыстық басқармалар мен ішкі істер департаментінің, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінің басшылары мен мамандары қатысты.
Мәжілісті ашқан басқарма басшысы Еркебұлан Бекжанов облыс аумағындағы мемлекеттік орман қорын күтіп ұстау мен қорғау, оның өсімін молайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша мағлұмат беріп өтті.
Мұнан кейін хабарлама жасаған басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Шәменов бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстарға тоқталды. Облыстағы мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы көлемі 6,5 млн. гектарды құрайды. Осы жердің 3,03 млн. гектары орманды алқап. Жыл басынан бері осы орманды алқапты күтіп ұстау мен қорғауда сала мамандары жоспарға сай, кең ауқымдағы жұмыстарды жүргізді. Дегенмен, осы алқаптың 121,3 мың гектары өртке өте қауіпті жер саналады. Сондықтан да тілсіз жаудың алдын алу мақсатында облыста 9 арнайы өрт сөндіру машинасы мен 51 тұрақты өрт сөндірушілер тынымсыз жұмыс атқарып келеді. Осы мақсатта облыс әкімінің өкіміне сәйкес жұмысшы тобы да құрылып, жұмыс істеуде.
Биылғы жылы басқарманың жұмыс жоспарына сәйкес 7136 гектар жерге сексеуіл, саялы ағаштар мен жеміс көшеттерін отырғызу көзделген болатын. Көктем айларында соның 1204 гектарына ағаш көшеттері отырғызылды. Жалпы есепті кезеңде ағаш көшеттерін өсіретін 8,6 гектар жерге орман тұқымбағы ұйымдастырылып, 308 дана Сыр талы мен терек ағаштарының қаламшалары дайындалды. Сондай-ақ, тұқымбақтардан 863,6 мың дана ағаш көшеттері қазылып алынса, шығымдылығы нашар, бұрынғы жылы егілген орман екпелерінің 12,8 гектары қайта толықтырылды. Сонымен қатар орман алқаптарының санитарлық жағдайын анықтау мақсатында да 297 мың гектар жерге орман патологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, бюджеттен бөлінген қаржы көлеміне қарай 1500 гектар сексеуіл алқабына химиялық залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген.
Биыл аймақ басшысының бастамасымен облыста «Жасыл белдеу» кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Соған орай жұмысшы тобы да құрылды. Негізі алдағы жылдан бастап Қызылорда қаласының жасыл белдеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы мекеме құру мен оның материалдық-техникалық базасын нығайту, сөйтіп, «Қорқыт ата әуежайы» мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті паркіне дейін жасыл белдеу жасау жұмыстары қолға алынбақшы.
Сонымен қатар, биыл елді мекендердегі экологиялық тепе-теңдікті сақтау мен көлдерді, жайылымдықтар мен шабындықтарды суландыру мақсатында бес каналға тазалау жұмыстары жүргізілді. Ал өздігінен су бармайтын елді мекендерді аяқсумен қамтамасыз ету үшін бір электрлі және 11 дана дизельді насос қондырғылары алынып, олар қажетті ауылдарға пайдалануға берілген. Сондай-ақ, облыста балық шаруашылығын жүргізуге маңызы бар Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзені және жергілікті маңызы бар 176 су айдыны болса, олардың қалыпты жағдайда сақталып, жұмыс жасауын басқарма мамандары нақты бақылауға алған.
Жалпы, алғашқы жартыжылдықта басқарма жұмыс жүргізуге құжаттарын тапсырған 724 шаруашылық субъектілеріне мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын берген. Сондай-ақ, биыл облыстық мәслихаттың шешімімен мемлекеттік орман қорындағы орман пайдалану үшін төлем ставкалары жаңадан бекітіліп, ол әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өткендігі де осы жиында белгілі болды.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<